
Төлеби ауданында екі медициналық нысан пайдалануға тапсырылды. Атап айтқанда, бүгін аудандағы Аққұм ауылында дәрігерлік амбулатория және Кеңесарық елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік пункт ғимаратының ашылу салтанаты өтті.

Аудан басшысы Еркеғали Әлімқұлов, ең алдымен Аққұм ауылына барды. Медициналық мекеменің ашылу салтанатына қатысып, тұрғындарды құттықтады.

— Бүгін ашылып отырған дәрігерлік амбулатория ел игілігіне қызмет етіп, ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетеді. Дәрігерлеріміз өз істеріне адал болып, еліміздің бұдан әрі дамуына өз үлестерін қоса береді деп сенемін, — деді аудан басшысы.

Дәрігерлік амбулатория «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында салынды.

Кейіннен аудан әкімі Кеңесарық ауылына барып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты. Жаңа ғимараттың лентасын қиып, ізгі тілегін жеткізді.

Бұл денсаулық сақтау мекемелерінің құрылысы тұрғындардың қажеттіліне сәйкес, 2024 жылы басталған. Ғимарат замануи талаптарға сай медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Екі нысанда да ауыл тұрғындарына сапалы алғашқы медициналық көмек түрлерін көрсетуге барлық мүмкіндіктер қарастырылған.

Айта кетейік, Түркістан облысында 2024 жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында 49 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанының құрылысы жүргізілді. Ұлттық жоба аясында Төлеби ауданына 5 нысан қаралып, 2024 жылдың соңында 3 нысан ел игілігіне пайдалануға берілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/970143?lang=kk
Жауап қалдыру