
Облыс әкімі Ырғыз ауданына жұмыс сапары аясында су тасқынына қарсы атқарылған жұмыстармен танысты.
Бөгет Ырғыз ауылында орналасқан. Оның мақсаты – көктемгі тасқын мен маусымдық су басудан елді мекенді қорғау. «BNB Stroy Group» ЖШС мердігерлік ұйымы ұзындығы 3,6 шақырым, биіктігі үш метрді құрайтын бөгетті салып бітірді. Жұмыстар былтырғы жылдың қазан айынан бастап биылғы қаңтарға дейін жүргізілген. Жобаның жалпы құны – 217,3 млн теңге. Құрылыс барысында топырақты нығайту және нысанның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін сазды құм қолданылды.
«Бұл – бүкіл аудан үшін стратегиялық маңызды нысан. Бөгеттің арқасында Ырғыз ауылындағы алты мыңнан астам тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырмыз. Бұл тек үйлер мен инфрақұрылымды қорғау ғана емес, бұл – халықтың ертеңгі күнге деген сенімі мен тұрақтылығының кепілі», – деді облыс әкімі нысанды аралау кезінде.
Ырғыздағы бөгет – халықты су тасқынынан қорғау мақсатында салынған бір ғана нысан емес. Былтырғы тасқыннан кейін Ырғыз ауданында Жайсаңбай, Құйлыс, Белшер, Мамыр және Құтикөл ауылдарында да су шаруашылығы құрылыстарын салу туралы шешім қабылданды. Бұл шаралар елді мекендердің су тасқынына қарсы тұрақтылығын жүйелі түрде арттыруға және өмірлік маңызы бар инфрақұрылымды қорғауға бағытталған.
Сол күні облыс басшысы Ырғыз – Нұра автожолындағы су өткізу құрылғыларының жөнделу жайымен де танысты. «Сантехцентр» ЖШС жүзеге асырып жатқан жоба аясында 13 жаңа құбыр төселіп, 6 ескі құбыр жөнделеді.
«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы өтетін, Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне шығатын жаңа автожол жобасының басталғанын жариялады. Бұл жаңа магистраль елдің орталық және батыс өңірлерінің арасындағы жолды едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл – ауқымды жоба, ол Ырғыз ауданы үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. Біз аймақтық деңгейде осы өзгерістерге дайын болуымыз керек», – деп атап өтті Асхат Шахаров.
Сапар аясында облыс әкімі Жайсаңбай және Белшер ауылдарындағы бөгеттерге әуеден шолу жасады, бұл атқарылған жұмыстардың ауқымы мен сапасын бағамдауға мүмкіндік берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/979279?lang=kk

Жауап қалдыру