Биыл Қазақстанда алғаш рет Ұлттық кітап күні аталып өтілуде – бұл жастардың интеллектуалдық әлеуетін дамытуға, рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттауға және оқуға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған маңызды идеологиялық бастама.
Алматы облысында мерекеге орай барлық қалалық және аудандық полиция бөлімшелері қосылып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, жастардың кәсіби бағдарын қалыптастыруға және ұжым ішінде оқуға қызығушылықты арттыруға бағытталған тақырыптық іс-шаралар өтті.
Басты шара облыс орталығы – Қонаев қаласында ұйымдастырылды. Мұнда жаңа кітапхананың салтанатты ашылуы өтті. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай полиция департаменті кітапхана қорына «Абай жолы» романы мен «Қара сөздер» жинағын тарту етті.
– Кітап – жай ғана ақпарат қоймасы емес. Бұл – азаматтық сана мен патриотизмді қалыптастыратын ұрпақтар арасындағы көпір. Халқымыздың даналығын қамтитын Абай шығармаларының құндылығы ерекше, – деп атап өтті полицейлер.
Шараға полиция ардагерлері, жас қызметкерлер, сондай-ақ белгілі жазушылар мен ақындар қатысты. Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабын және оның тарихи маңызын талқылауға арналған әдеби дөңгелек үстел ерекше қызығушылық тудырды.
Мереке соңы ішкі істер органдарының қызметкерлері мен ардагерлері белсенді қатысқан концерттік бағдарлама мен мәдени-танымдық іс-шаралармен аяқталды.
Ұлттық кітап күніне арналған іс-шаралар облыстың барлық бөлімшелерінде жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, кітаптың қоғамның рухани күш-қуаты мен бірлігінің нышаны ретіндегі маңыздылығын дәлелдей түсті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-alm/press/news/details/982205?lang=kk

Жауап қалдыру