
Шымкент қаласында 2025 жылдың алғашқы тоқсанында мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 4 182 аз қамтылған отбасындағы 22 215 адамға тағайындалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмек алушылар санының 35,1 пайызға азайғанын көрсетеді. Мұндай оң динамика жұмыспен қамту шараларының нәтижесімен тығыз байланысты. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек баспасөз брифингте айтты.
Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға ай сайын 1,5 айлық есептік көрсеткіш (5 538 теңге) көлемінде қосымша төлем төленіп келеді. Биыл бұл қолдауды жергілікті бюджет есебінен 3 682 отбасыдағы 7 135 бала алып отыр.
Көмекке өтініш берген 5 756 адамның еңбекке жарамды екені анықталып, олардың 2 636-сы жұмыспен қамтылды. Қалған азаматтарға жұмысқа орналасу мүмкіндіктері ұсынылып, қолдау көрсетілуде.
Бұған қоса, «Отбасылық цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі арқылы «D» және «E» санатындағы отбасылардың санын азайтуға бағытталған нақты жоспар іске асырылуда. 2025 жылға бұл көрсеткішті 10 пайызға төмендетіп, 64 525 отбасына дейін қысқарту көзделген болатын. 15 сәуірдегі мәлімет бойынша, аталған санаттағы отбасылар саны 59 293-ке дейін төмендеп, жоспар 5 232 отбасыға артығымен орындалды.
Әлеуметтік қолдау шараларының жүйелі жүргізілуі Шымкентте халықтың әл-ауқатын арттыруға және әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-zhumys-aleumettik-korgau/press/news/details/982565?lang=kk

Жауап қалдыру