
Кентау қаласының 70-жылдық мерекесіне орай, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, салт-дәстүрлерді насихаттау мақсатында Кентау қаласы және оған қарасты ауылдар арасында “Пай-пай, қазақтың келіндері-ай” атты қалалық келіндер сайысы өткізілді.
Сайысқа сәні мен салтанаты жарасқан әр шаңырақтың ұйытқысы 10 келін қатысып бақ сынады. Шараның басты мақсаты қазіргі жас келіндер арасына ежелден ұмыт болған ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртып, қазақ келінінің бойынан табылуы керек игі қасиеттерді жандандыру.
Аталмыш сайыс төрт кезеңнен тұрды. Атап айтқанда, таныстыру кезеңі, өз өнерін көрсету, сұрақ-жауап және ұлттық тағамдардан қамырды дұрыс жаю сайысы.
Жан-жақты дайындығымен келген келіндер сайыста ерекшеліктерімен танылып, көптің көңілінен шықты. Төрт кезеңді қамтыған сайыс барысында Байылдыр ауылының келіні, С.Қожанов атындағы №9 мектептің ұстазы Динара Оралова 1-орынды иеленді. 2-орынды №23 Ә.Бөкейханов атындағы мектебінің ұстазы Әсет Айгерім, 3-орынды Кентау көпсалалы колледжінің ұстазы Тоғжан Тінейбай иемденді.
Барлық қатысушыларға арнайы номинациялар мен арнайы бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kentau-kalasy/press/news/details/983481?lang=kk
Жауап қалдыру