
«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті бойынша төрт күндік республикалық олимпиаданың қорытындысын шығарды. Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында Астана, Алматы және Шымкент қалаларының жалпы білім беретін және мамандандырылған мектептерінің 9 – 11 сыныптың 200-ге жуық оқушысы, олимпиаданың облыстық кезеңдерінің жеңімпаздары жиналды. Олимпиадаға Павлодар облысынан 9 оқушыдан құралған команда қатысты, сонымен қатар Павлодар қаласының А. Бөкейхан атындағы мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Солтанмұрат Айяулым.
Олимпиада екі турдан тұрды – эссе жазу және ауызша тапсырма. Олимпиада қатысушылары Қанипа Бітібаеваның өмірбаяны, ғылыми-педагогикалық және шығармашылық еңбектері бойынша сайысқа түсті.
Олимпиада қорытындысы бойынша павлодарлық оқушы өз білімін растап, облыс қоржынына алтын медаль енгізіп, Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің І дәрежелі дипломымен марапатталды.
– Айяулым қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша облыстық және республикалық олимпиадалардың бірнеше мәрте жеңімпазы және жүлдегері. Өткен оқу жылында ол Қ.Бітібаева атындағы республикалық олимпиадада қола жүлдегер атанды. Биыл ол «Жарқын болашақ», «Мәшһүр Жүсіп оқулары» республикалық байқаулары мен олимпиадаларының қорытынды кезеңдеріне қатысу құқығына ие болды, – дейді «Павлодар дарыны» орталығының әдіскері Жұмагүл Күреңбаева.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-bilim/press/news/details/983859?lang=kk

Жауап қалдыру