
ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТТА ЫСТЫҚ СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ, ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ
2025 жылғы 25 сәуір күні қалалық мәслихаттың коммуналдық-шаруашылық, қала инфрақұрылымы, ауылшаруашылығы, жер және экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті.
Комиссия жұмысына қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев қатысып, отырысқа комиссия төрағасы И.Басықараев төрағалық етті.
Тұрақты комиссияның күн тәртібіне «Тұрғындарды ыстық сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстары туралы», «Қала аумағындағы қоғамдық көлік қатынасы және жолаушылар тасымалдауда сапалы қызмет көрсету туралы» мәселелері шығарылып, талқыланды.
Алдымен депутаттар Астана мөлтек ауданы №12 көпқабатты тұрғын үйді ыстық сумен жабдықтау жүйесіне қосу және “Қызылорда” автобус паркі” ЖШС-нің жұмысымен танысты.
Қызылорда қаласы бүгінге дейін – орталықтандырылған ыстық су жүйесімен қамтылмаған республикадағы жалғыз облыс орталығы болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2023 жылдың қазан айында өңірге жасаған жұмыс сапары барысында Қызылорда қаласын 2025 жылдың соңына дейін орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау жүйесімен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырған болатын.
Президент тапсырмасына сәйкес, қаладағы төрт жүзден астам (423) көпқабатты тұрғын үйді ыстық сумен жабдықтау жүйесіне қосу үшін жоба әзірленіп, Үкіметтен 1-кезеңіне тиісті қаражаттар бөлініп, (I кезең – 2024 жыл 187 үй, II – кезең 2025 жыл 236 үй) ауқымды жұмыстар өткен жылы басталды. Қазіргі таңда жұмыстар жүруде.
Депутаттық аралау барасында Астана тұрғын ауданы №12 үйдің тұрғыны Қалымбетова Күлмария әжейдің үйіндегі ыстық су берілу барысын назарға алынды. Бұл пәтерге ыстық су тұрақты берілуде, пәтер иелері өз ризашылықтарын білдіруде.
Сонымен қатар, депутаттық аралау кезінде Астана тұрғын ауданы, №11,12 үй тұрғындары ыстық судың ластанып ағуы, кейбір пәтерлердің әлі күнге қосыла алмағандықтары туралы ұсыныстарын білдірді. Бұл мәселеге қатысты сала мамандары арнайы келісім шарта отыру қажет екені, ескі құбырлар бойында жиналған қалдықтардың жиналып ағып жатырғанды, алдағы уақытта ыстық судың тазаратындығы туралы түсіндірме берді.
Атап өтерлігі, сала мамандары ыстық суға қосылған пәтерлер бұрын су жылытқыш қондырғыларды пайдаланғандағы шығындарға қарағанда, 3 есе төмен қаражат шығындалатындығын жеткізуде.
Депутаттар тоқтаған келесі нысан «Қызылорда автобус паркі» ЖШС болды. 2013 жылы «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-і құрылып, 2017 жылы заман талабына сай жаңа автобус паркі қолданысқа берілді. Бүгінде осы орталықта автобустарды жөндеу цехтары, газ құю бекеті және көлік жуу орны 3 ауысыммен 24/7 режимінде жұмыс жасауда. 2022 жылы Серіктестік 5 бағыт бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асырған болатын. Ал қазір бұл көрсеткіш 32 бағытқа ұлғайды. Күнделікті халыққа қызмет көрсетуге 270-тен астам автобус шығады.
Баршаға белгілі, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен 2022-2024 жылдар аралығында «Қызылорда автобус паркі» 300 жаңа автобуспен толықтырылып, қаланың көптен қордаланған түйткілді мәселесі шешімін тапты деуге болады.
Дегенмен, қалаішілік қоғамдық көлік қатынасы ұдайы жетілдіруді талап ететін маңызды сала екені белгілі. Депутаттық аралау барысында депутаттар тарапынан ұсыныс-пікірлер берілді. Оның ішінде, Автобус паркіне алынған такси қызметін ұсынатын электромобиль көліктерінің қызметін одан әрі жандандыру, мекеме қарасты тұрғындарының шақығымдарына арналған 8 777 7674444 кол-орталығының қызметін көпшілікке ақпараттандыру туралы жеткізді.
Комиссия жұмысы талқылау отырысына жалғасып, «Тұрғындарды ыстық сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстары туралы», «Қала аумағындағы қоғамдық көлік қатынасы және жолаушылар тасымалдауда сапалы қызмет көрсету туралы» мәселелері сала мамандарының қатысуымен талқыланды.
Аталған мәселелерге байланысты, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Т.Нәдірбаев, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы М.Жүсіп хабарлама жасап, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының кеңесшісі, белгілі энергетик Кәрімбаев Мұхиджан өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды және сауалдарға жауаптар берді.
Комиссияның талқылау отырысы барысында депутаттар тарапынан:
-орталықтандырылған ыстық су жүйесінің сенімді және үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін мердігер мекемелердің, олармен жұмыс жасайтын қосалқы мердігерлердің жауапкершілігін көтеріп, сапасы жоғары материалдарды қолдануын қатаң бақылауда ұстау;
-Алдағы уақытта Қызылорда қаласы (Мерей, Ақмешіт, Жаппасбай батыр, т.б. үйлер), Тасбөгет, Белкөл кенттері аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлерді кезең-кезеңімен орталықтандырылған ыстық суға қосу және жаңадан салынатын көпқабатты тұрғын үйлердің жобаларында ыстық суды енгізу;
– халықтың сұранысын ескере отырып, қала, кент және ауылдық округтер, саяжайлар бойынша қоғамдық көліктер жүретін жолдарды жөндеуден өткізуге, қажетті аймақтарға қоғамдық көліктер санын көбейтуді, оларға тиісті аялдамалар салу орындарын зерттеп, қаржыландыруға ұсыныстар беру, кейбір қажеттілік орындарға арнайы «Аялдама» белгілерін орнату;
– қаланың Шанхай, Титов, Гагарин тұрғын ауданында орналасқан емханаларды тікелей байланыстыратын автобустардың жүру бағытын және Қорқыт ата көшесі, Ақмешіт мөлтек ауданы және Гагарин аймағын жалғайтын көпірлер арқылы базарларға баратын «сақиналы маршрут» жасау мүмкіндіктерін қарастыру;
– Тасбөгет кентінің Амангелді, Баймағамбетов, Молдағұлова, Сапарбаев, Қосжанов, Сейтпенбетов көшелеріне аялдама белгілерін орнату және М.Шоқай, Баймағамбетов, Сапарбаев көшелерінің аяғы мен Есенов көшелерін жөндеу;
– Бірқазан елді мекеніне баратын №16 бағыттағы қоғамдық көліктің күніне 2 мезгіл қатынау мүмкіндігін қарастыру;
– жолаушылардың төлем жасау тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық көліктерге Wi-Fi қондырғысын орнату, қолма-қол алынатын (оқушылардан 40 теңге, ересектерден 130 теңге) төлемақылардың көлеңкелі айналымға түспеуін қатаң қадағалау;
– қоғамдық көліктерде жолаушылардың толық және уақытылы төлем жасауын бақылайтын арнайы бақылаушы-мамандар санын көбейту, жолаушыларға жайлы болуы үшін қоғамдық көліктердің тазалығын, әр аялдаманы міндетті түрде алдын ала хабарлап отыруын және тоқтап өтуін қатаң бақылау;
– автобус жүргізушілерінің халықпен қарым-қатынас мәдениетін жоғары ұстау, арнайы киім, бейдж болуын және жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық көліктердің жүру аралығындағы регламентке сәйкес, аялдамаларға белгіленген уақыт көлемінде аялдау туралы және басқа да ұсыныстарын білдірді.
Тұрақты комиссия отырысына қалалық мәслихат депутаттары, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы, қалалық тиісті дербес бөлімдер мен мекеме басшылары, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамы, «Қызылорда жылу электр орталығы» мекемесі, «Қызылорда автобус паркі» серіктестігі, кент және ауылдық округ әкімдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-orda/press/news/details/983769?lang=kk

Жауап қалдыру