
Қазақтың әйгілі композиторы, дирижер, Қазақстанның халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай Сарыағаш ауданында «Саялы Сарыағаш» этно-фольклорлық ансамблінің «Тұран рухы» атты шығармашылық кеші өтті.
Өрлеу мен құлдырау, азаттық үшін күрес, тар жол тайғақ кешу, ерлік пен елдік. Жалпы Алаш тарихын бүгінгі күнмен ұштастырып, сазды аспаптар арқылы сөйлеткен өзгеше кешке Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев арнайы қатысып, өнерпаздарға жылы ыстық ықыласын білдіріп, құрмет көрсетті. Оған қоса, шығармашылық кешке Түлкібас ауданынан арнайы келіп, өнер көрсеткен «Аршат» ансамблін арнайы алғыс хатпен марапаттап, бағалы сыйлық табыстады.
Халықаралық үлкен сахналарда өнер көрсеткен ұлттық ұжым шығармашылық бұл кештеде тыңдармандарын тағы да тамсандырып үлгерді. Көрермендерге бір туындымен ерекше сезімге бөлеп, көздеріне жас келтірсе, кейбір туындыларымен көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, рухтандырды.
1996 жылы Мәдениет майталманы, ел арасында ұлттық өнердің жанашыры Әбләзім Жаншуақов бастамасымен құрылған «Саялы Сарыағаш» ұлт-аспаптар ансамблі бүгінде еліміздің мәдени өміріндегі айтулы өнер ұжымдарының біріне айналды.
Ансамбльдің шығармашылық жолындағы алғашқы ірі жеңістерінің бірі – 2000 жылы өткен Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын орындаушыларға арналған облыстық «Аққу» байқауында жүлделі І орынды иеленуі болды. Бұл жеңіс – ансамбль мүшелерінің кәсіби шеберлігін, қазақтың төл өнеріне деген сүйіспеншілігін дәлелдеді.
Ансамбльдің басты ерекшелігі — ұжым құрамында небәрі алты өнерпаз болса да, бір ғана шығарманың өзінде әрқайсысы бір уақытта бірнеше аспаптың құлағында еркін ойнайды. Жалпы ансамбльде 15-ке жуық ұлттық аспап түрлері бар, олардың қатарында: домбыра, қобыз, шертер, сыбызғы, шаңқобыз, асатаяқ, дауылпаз, жетіген, нар қобыз, мүйіз сырнай .
Ансамбльдің репертуарында 40-тан астам туынды бар. Олардың қатарында халық әндері мен күйлері, Құрманғазы, Дәулеткерей, Шернияз, Нұрғиса Тілендиевтің күйлері, сондай-ақ Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Нұрғиса Тілендиев сынды қазақ композиторларының әндері мен шығармалары орын алады.
2008 жылдың мамыр айында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің №159 бұйрығына сәйкес ансамбльге «Халықтық» атағы берілді. Бұл мәртебе — ансамбльдің ел мәдениетіне қосқан елеулі үлесінің айғағы. 2011 жылдан бастап ансамбль заман талабына сай қайта құрылып, этно-фольклорлық бағытқа бет бұрды. Ұжым ұлттық өнерді халық арасында кеңінен насихаттап, дәстүрлі өнердің дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Бүгінде «Саялы Сарыағаш» этно-фольклорлық ансамблі бүгінде республикалық және облыстық деңгейдегі іс-шаралардың тұрақты қатысушысы. Аудан көлеміндегі барлық маңызды мәдени-көпшілік жиындар мен салтанатты мерекелердің жоғары деңгейде өтуіне үлкен үлес қосып келеді.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/983574?lang=kk
Жауап қалдыру