
2025 жылғы 17 сәуірде Халықтар Достығы мен Мәдениет үйінде өткен «Ұлттық киім – ұлт бейнесі» атты фестиваль өз мәресіне жетті.
Іс-шараны облыстық дін істері басқармасы ұйымдастырды. Оның басты мақсаты – ұлттық киімнің тарихы мен терең мәнін дәріптеу арқылы ұлттық бірегейлікті сақтау, рухани құндылықтарды жандандыру және теріс діни ағымдардың алдын алу болды.
Фестиваль аясында:
• Ұлттық киімдердің заманауи және дәстүрлі үлгілері ұсынылған сән көрсетілімі;
• Қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі мен көрмесі;
• Шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, қонақтар халқымыздың киім үлгілері арқылы мәдениетіміздің терең тарихына үңілуге мүмкіндік алды.
Фестивальдің құрметті қонағы, қоғам қайраткері Дана Нұржігіт өз сөзінде қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап қалу жолындағы қайсарлығы мен табандылығын ерекше атап өтті. Ол ұлттық киімді – ұлттың рухани коды деп бағалап, бұл мұраның жас ұрпақ үшін маңызын айшықтады.
Дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы Ұлытау өңірінің ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртудағы рөлін жоғары бағалап, ұлттық киімнің ата-бабадан қалған қасиетті аманат екеніне тоқталды. Бұл мұраны сақтап, насихаттау – бүгінгі буынның тарихи жауапкершілігі екенін атап өтті.
Сонымен қатар, фестивальде:
• «Aida KaumeNOVA» сән үйі – заманауи стильмен үйлескен ұлттық киім үлгілерін көрсетті;
• Гүлнұр Бекбатыр мен Мадина Бектай (Алматы қаласы) – ұлттық киімдерге жаңа көзқарас пен шығармашылық серпін ұсынды.
Барлық қатысушылар ұлттық киімге деген шығармашылық көзқарастарымен бөлісіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Шарада Ұлытау облысы әкімінің орынбасары З.Ақылбекова сән көрсетіліміне қатысушы дизайнерлерді алғыс хатпен марапаттады.
Ұлттық киім – бұл тек сән үлгісі емес, ол – ұлттың тарихы, болмысы мен дүниетанымын бейнелейтін мәдени код.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ulytau-din/press/news/details/984355?lang=kk

Жауап қалдыру