
25 сәуір күні Тараз төрінде, «Баласағұн» орталық концерт залында, алматылық өнерпаздар тамаша музыкалық кеш өткізді! Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармонияның «Ақжауын» камералық оркестрі мен «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблі тараздық көрерменге өнердің көркем шуағын сыйлады.
Ұлы композитор, күйші Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған кеш Алматы облысы мен Жамбыл облысы әкімдіктерінің қолдауымен өтті. Кеш барысында қазақ руханиятының інжу-маржанына айналған “Ата толғауы”, “Ақсақ киік”, “Көңіл толқыны”, “Салтанат”, “Келші айым” сынды туындылар орындалып, залды ерекше әуенге бөледі.
Музыкалық кештің сәнін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық әртісі Секен Тұрысбек, республикалық байқаулардың жеңімпазы Айғаным Шұғай және Мәдениет саласының үздігі Бибігүл Қилымхан аша түсті. Әрбір орындау көрерменнің зор қошеметіне бөленді.
Кеш соңында Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы сөз сөйлеп, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ, қазақ өнерінің ардақты тұлғасы Секен Тұрысбекке арнайы шапан жабылып, ерекше құрмет көрсетілді. Бұл кеш Тараз жұртшылығын ерекше әсерге бөлегені сөзсіз!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-cultura-arhiv/press/news/details/984500?lang=kk

Жауап қалдыру