
Аудан әкімі Бақытжан Мұқановтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Кеңесте бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Әуелі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына дайындық барысы сөз болды. Мерекеге арналған іс-шаралар жоспары таныстырылып, ұйымдастыру жұмыстары бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Сондай-ақ ауданның тарихи орындары мен ескерткіштерінің жағдайы қаралып, олардың сыртқы келбетін тексеру мақсатында арнайы сапар ұйымдастыру тапсырылды. Әкім тарихи ескерткіштерді ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу мүмкіндігін қарастыруды да міндеттеді.
Кеңес барысында 2025 жылғы талапкерлердің ҰБТ-ға дайындық деңгейі талқыланып, аудан әкімі оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция және білім бөлімінің қызметкерлерімен бірге қалаларға тасымалдау мәселесін бақылауға алуды тапсырды.
Өрт қаупі жоғары кезеңге байланысты ерікті өрт сөндіру жасақтарын арнайы киіммен қамтамасыз ету және барлық ауылдық округтерде дайындық жұмыстарын күшейту мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында аудан аумағында тазалық жұмыстарын жүйелі жүргізу, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі айтылды. Аудан басшысы әрбір ауыл мен елді мекеннің тазалығына жауапкершілікпен қарау керектігін атап өтті.
Кеңес барысында «Қаратал» КМК-ның 2025 жылға арналған сумен жабдықтау нысандарындағы жөндеу жұмыстарының жоспарлары қаралып, жұмыстарды күнтізбелік жоспарға сәйкес уақытылы аяқтау тапсырылды.
Құрылыс бөлімінің жобалары мен сметалық құжаттамаларының орындалу барысы да қаралып, аудан әкімі барлық құрылыс нысандарын қатаң бақылауда ұстауды талап етті. Сонымен қатар, инвестиция тарту бойынша жұмыстарды жандандыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шараларын қолға алу қажеттігі айтылды.
Бұдан бөлек, БАҚ пен әлеуметтік желілерде ауданның тыныс-тіршілігін кеңінен насихаттау, халықпен кері байланысты нығайту қажеттігі баса айтылды.
Кеңес қорытындысында аудан әкімі Бақытжан Мұқанов әрбір бөлім басшысына өз бағыты бойынша жұмысты күшейтіп, жауапкершілікпен қарауды тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-nurinsk/press/news/details/985172?lang=kk

Жауап қалдыру