
Ақтауда қала әкімі Әбілқайыр Байпақовтың қатысуымен облыстық және қалалық мәслихат депутаттарының жылдық есеп беру кездесуі өтті.
Шараға Ақтау қалалық мәслихатының төрағасы Сембіғали Зәкенов, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, қала әкімдігінің қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты.
Жиын басында Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Сүйіндік Риза жыл бойы атқарған жұмыстары бойынша есеп берді. Жалпы депутаттық корпуста 20 округтен сайланған депутаттар кәсібилігіне қарай қала әкімдігі жанындағы 19 түрлі комиссия мен жұмыс тобының құрамына кіреді. Өткен жылдың өзінде 61 депутаттық сауал тиісті мекемелерге жолданған. Олардың ішінде бірқатар маңызды мәселелер құзыретті органдармен бірлесе қаралып, оң шешімін тапты.
«Өткен жыл депутаттық корпус заң шеңберінде әлеуметтік және экономикалық бағытта оң шешімдерді қабылдауға, жоспарлардың орындалысын қадағалауға, тұрғындармен қарым-қатынас байланысын жетілдіруге, туындаған мәселелерді жедел шешуге бағытталған жұмыстарды атқарды», деді Ақтау қалалық мәслихатының төрағасы Сембіғали Зәкенов.
Жиында тұрғындар негізінен кәсіпкерлік, тұрғын үй құрылысы және жол саласына қатысты сауалдарын ортаға салып, жекелеген мәселелерді көтерді.
«Қаладағы шұңқырлардың кесірінен жол апаттары болып жатыр. 30 ш/а 169 үйдің алдындағы шұңқырлар әлі бітелмеген. Бұл мәселе қашан шешіледі?», – деді қала тұрғыны.
Сауалға Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы қалада шұңқырлы жөндеу жұмыстары жалғасып жатқандығын айтып жауап берді.
«Биыл Ақтау автожолдарының 12769 шаршы метр аумағына шұңқырлы жөндеу жұмыстары жоспарланған. Сіз атаған жолдардағы шұңқырлы жұмыстар келесі аптада шешімін табады», – деді Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асхат Нұрмұхан.
Айта кетейік облыстық және қалалық мәслихат депутаттарының жылдық есеп беру кездесуі 28 сәуірге дейін жалғасады.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/980816?lang=kk
Жауап қалдыру