Атырауда «Экология және қоғам: «Таза Қазақстан» жолында» атты кездесу өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ашық диалог форматында өткен іс-шараға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қатысып, оқушылар мен жас ғалымдардың экологиялық жобаларымен танысты. Дарынды оқушылардың бір тобы қалдықтарды сұрыптап жинаудың әдістерін зерделесе, екіншілері ресурстарды үнемдеудің жолдарын ойлап тапқан. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның 8-ші сынып оқушылары Сәтберген Өтепқали мен Айбар Закариян жаңбыр суының экологиялық тиімділігін арттыруға көмектесетін жоба дайындаған. Осылайша, жас өрендер жаңбыр суын пайдаға асыруды мақсат етіп отыр.

«Ең алдымен көпқабатты тұрғын үйлердің шатырына түскен жаңбыр суын арнайы резеруарларға жинаймыз. Кейін ол суды генераторларға бағыттап, энергия аламыз. Оны тұрмыста қолдануға, кейін генератордан шыққан жаңбыр суын көгалдандыру жұмысына пайдалануға болады. Осы жобаны іске асыру үшін Атырау облысы Су арнасы мекемесіне арнайы барып, зерттеу жүргіздік. Күнделікті тұтынып отырған ауыз су мен жаңбыр суының химиялық құрамына талдау жасадық. Салыстыру нәтижесінде жаңбыр суында ауыз суға қарағанда хлоридтердің мүлде болмайтынына көз жеткіздік. Яғни, жаңбыр суын жасыл желекті өсіруге қолдануға болады, – деді 8-ші сынып оқушысы Сәтберген Өтепқали.

Жиын барысында жас ғалымдар климаттың өзгеруі кезіндегі өсімдіктерді топырақсыз өсіру технологияларын, сапасыз күкіртті тазалау, ғимараттарды күн электр станциялары арқылы ток көзімен қамту, жастардың экологиялық сауаттылығын арттыру мақсатында іске асып жатқан жобалар таныстырылды. Кездесуге қатысқан ғалымдар, экобелсенділер су ресурстарын тиімді пайдаланып, өңірдің дендрологиялық ерекшеліктеріне тоқталды. Оған қоса мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылатын іс-шараларда қоқысты сұрыптап жинау керектігі туралы ұсыныс айтылды.

Кездесуде сөз алған Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов өңірде оқушыларда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында атқарылып жатқан бірқатар шараға тоқталды. Олар: 73 мыңнан аса бүлдіршінді қамтыған «Қоршаған ортамен таныстыру» инвариативты курсы, 60 мың оқушы қатысқан «Мен зерттеушімін» және «Тірі табиғат» жобалары, экологиялық үйірмелер, көгалдандыру жұмыстары, «Жасыл мектеп» жобасы. Сондай-ақ бүгінде өңір оқушылары мектеп қабырғасында жүріп-ақ қоқысты сұрыптап жинауды қолға алған. Қазіргі уақытта облыстағы білім ордаларында 1100-ден аса арнайы жәшіктер қойылған.

Серік Шәпкенов қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған шаралар кезінде жастарға басымдылық беру керектігін айтты.

«Жанып тұрған жастарымыз көп. Оларды қозғауымыз керек. Жастықпен көп затты ойлануға мұрша болмайтыны рас. Үлкейе келе кейбір іс-әрекеттердің қате екенін түсінеміз. Жастарды мәдениетті болуға шақырамын. Біз басқа елге үлгі болу үшін мәдениетімізді көтеріп, сана сезімімізді өсіруіміз қажет. Жастардың экологиялық жобаларын, ортақ жоспарларын қолдауға дайынбыз. Жетістік шағын қадамнан басталады. Ертең бір кісідей экологиялық бағыттағы жұмысқа кірісіп кеткеннің өзінде лезде нәтижеге жету қиын. Аз да болса үздіксіз әрекет етіп, жақсы жетістікке жетуге болатынына сенемін. «Көп көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар, бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын!»,- деді өңір басшысы Серік Шәпкенов.

Кездесу соңында аймақ басшысы мен жиынға қатысушылар С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ауласына ағаш отырғызды.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» жобасы бастау алғаннан бүгінге дейін Атырау қаласы мен аудандардағы санитариялық тазалық жұмыстарына 10134 адам тартылып, 166 техника қамтылды . Нәтижесінде 4236 тонна қоқыс полигонына шығарылды. Атырау облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен “Таза жағалау”, “Таза қала”, «Жер сағаты» сынды бірнеше акция өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/980923?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді