Астанадағы Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінде Қазақстан Республикасының Ұлттық садақ ату федерациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің кезектен тыс конференциясы өтті.
Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиадалық комитетінің бас директоры Нұрлан Нөгербек, өңірлік федерациялар өкілдері, жаттықтырушылар мен спорт ұйымдарының құрылтайшылары қатысты.
Күн тәртібінде 2023–2024 жылдар аралығындағы Федерацияның қызметі туралы есеп тыңдалды. Есепте саланың дамуы бойынша негізгі нәтижелер қамтылды.
Дауыс беру нәтижесінде 2025–2029 жылдарға Қазақстан Республикасының Ұлттық садақ ату федерациясының жаңа президенті болып Азамат Есентайұлы Өсімбеков сайланды. Бұған дейінгі басшы Айдос Амангелдіұлы Ақжановтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Біздің анықтама:
Азамат Есентайұлы Өсімбеков 1989 жылы 8 қарашада Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Жеке секторда басқарушылық тәжірибесі бар, бірқатар құрылыс компанияларын басқарған. Қазіргі уақытта «ВД Строй Инжиниринг» ЖШС-нің бас директоры, Қазақстан Республикасының Баскетбол федерациясының вице-президенті және Жаппай көкпар халықаралық спорт федерациясының президенті.
Сайлау нәтижесінен кейін сөйлеген сөзінде жаңа сайланған президент Федерация жұмысының басты бағыттарын атап өтті. Өңірлік дайындық орталықтарын дамыту, қазақстандық садақ ату мектебінің халықаралық аренадағы орнын нығайту және жастарды осы спорт түріне кеңінен тарту сияқты алға қойған жұмыс бағытын жеткізді.
Жаңа президентті құттықтаған Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев өз сөзінде спорт саласын жүйелі дамыту, бейінді федерацияларды қолдау және білікті кадрлар даярлау маңыздылығын атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sport/press/news/details/981340?lang=kk
Жауап қалдыру