
«Балалар музыка мектебі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші әрі композитор Медеу Арынбаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағанов арнайы қатысты.
Іс-шара ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ.Б. Бейсембаевтың құттықтау сөзімен басталды. Министр жаңа оқу ордасының маңыздылығын атап өтіп, мектеп ұжымына шығармашылық табыс тілеп, оқу орнына шағын автобус сыйға тартты.
Өңір басшысы Н.А. Сақтағанов балалар музыка мектебінің ашылуымен құттықтап, білім мен өнер саласындағы жетістіктердің әрі қарай жалғасатынына сенім білдірді.
Жаңа ғимараттың құрылысын «QK SUNQAR» ЖШС жүргізді. Бас мердігер Дархан Сабитбекұлы Шотабаев ғимараттың кілтін мектеп директоры Бақытжан Омарғалиевна Ахановаға салтанатты түрде табыс етті.
Іс-шара барысында лента қиылып, мектеп ауласында көшеттер отырғызылды. Қонақтар жаңа ғимараттың ішкі бөлмелерімен, оқу кабинеттерімен және инфрақұрылымымен танысты. Мерекелік шара мектеп оқушыларының өнер көрсетуімен жалғасты. Сонымен қатар, сахна төрінде Қазақстанның танымал әншісі Медеу Арынбаев өнер көрсетіп, көрермендерге ерекше ән шашуын тарту етті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-ulan/press/news/details/980720?lang=kk
Жауап қалдыру