
2025 жылдың 15-17 сәуір айы аралығында Жетісу облыстық мәслихатының Ақсу ауданынан сайланған депутаты Данияр Ахмолдаев Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 21 бабының 2 тармағына сәйкес, өз округінің сайлаушыларымен (Ақсу ауданына қарасты Ойтоған, Жаңалық, Қаракөз, Жансүгіров, Есеболатов, Қарасу ауылдары) кездесу ұйымдастырып, оларға мәслихаттың жұмысы, оның тұрақты комиссиялары және өзінің депутат ретінде атқарған қызметі туралы есеп берді.
Кездесу барысында 2024 жылы облыстық мәслихатының атқарған жұмысы және өзінің депутат ретінде округі бойынша атқарған қызметтері туралы егжей-текжелі айтып берді. Сонымен қатар, сайлаушылардың бүгінгі таңда жергілікті жерлерде толғандырып отырған мәселелерін жан-жақты талқылады.
Нақтырақ айтсақ, ауыл тұрғындарының аудан орталығына қатынайтын ауыларалық жол сапасының төмендігі, ауылшаруашылық мақсатындағы суармалы жерлерді суғару мәселесі, мәдениет үйінің жағдайы, көшелерге жарық орнату, балалар ойын алаңының жасалуы және интернет сынды проблемалық мәселелер көтерілді. Тұрғындардың көтерген проблемалық мәселелері бойынша тиісті мемлекеттік органдарға депутаттық сауалдар жолданатын болады.
Шешімі табылған мәселелерге тоқталсақ. Жаңалық ауылына қатынайтын облыстық маңызы бар жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында биыл қаражат бөлініп, қазіргі таңда конкурстық жұмыстар өтікізіліп жатқандығы айтылды. Сондай-ақ, осы ауылға балалар ойын алаңын жасау үшін де қаражат бөлінгені туралы толыққанды ақпарат берілді.
Кездесу нәтижесінде тұрғындардың тарапынан айтылған мәселелер бойынша хаттама жасалып, депутаттың жол картасына енгізілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetisy-maslihat/press/news/details/981867?lang=kk
Жауап қалдыру