
2025 жылғы 18 сәуірде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің алаңында мемлекеттік монополияға, арнайы құқыққа жатқызылған «Қазақтелеком» АҚ-ның Тауарларды таңбалау және қадағалаудың бірыңғай операторының (бұдан әрі – Бірыңғай оператор) мотор майларын таңбалау және қадағалау жөніндегі қызметтердің бағасына сараптама жүргізу үшін жария тыңдаулар өтті. Талқылауға бизнес, қоғамдық қауымдастықтар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Жария тыңдаулар – бұл белгіленген бағаны жан-жақты және ашық қарау мақсатында өткізілетін арнайы құқық субъектісі іске асыратын қызметтердің құнын бекіту жөніндегі міндетті рәсімдердің бірі.
Жария тыңдауларда Бірыңғай оператор ұсынған осы тауар тобы бойынша бағаға енгізілген шығындар құрамы талқыланды. Бірыңғай оператордың қызметтеріне бағаларды қалыптастыру баға белгілеу қағидаларының талаптарына сәйкес шығынды әдіс бойынша жүзеге асырылады.
Жария тыңдаулардың қорытындысы бойынша барлық материалдар Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес монополияға қарсы орган – Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне жіберілетін болады.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 1 ақпанынан 2025 жылдың 1 ақпанына дейін Энергетика министрлігі «Атамекен» ҰКП және Бірыңғай оператормен бірлесіп мотор майларын таңбалау және қадағалау бойынша пилоттық жобаны іске асырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/980597?lang=kk
Жауап қалдыру