
18 сәуір күні Темір ауылдық мәдениет үйінде Отырар аудандық мәслихаттың депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Амзеев Ардақ Нажмидинұлының азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауы өтті. Аталған қоғамдық қабылдау – тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, нақты мәселелерді шешуге бағытталған тиімді ашық диалог алаңы болды.
Қоғамдық қабылдауға келген ауыл тұрғындары мен жастар ауылдың инфрақұрылымынан бастап, спорт және ауызсу мәселесіне дейінгі бірқатар өзекті жайттарды көтеріп, өз ұсыныстарын жеткізді.
Ауыл жастарының атынан сөз алған Жүнісов Ердос Жарылқасынұлы Темір ауылында жабық спорт кешенінің жоқтығы жастардың спортпен жүйелі түрде шұғылдануына кедергі келтіріп отырғанын айтты. Оның сөзінше, қазіргі таңда ауыл жастары футбол ойнау үшін көршілес ауылдарға баруға мәжбүр.
Депутат бұл мәселе назардан тыс қалмағанын, ауылға жабық спорт кешенін салу үшін 1 гектар жер телімі бөлінгенін, жобалау-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғанын, бүгінде қаржыландыру мәселесі қаралып жатқанын жеткізді.
Ауыл тұрғыны Мұхтар Қуандыков Теріскей аймағындағы скважина суды өз деңгейінде жеткізе алмай жатқанын атап өтті. Депутат бұл бағытта қызмет көрсетіп отырған «Заречное» кәсіпорнына скважиналарды тазалау, тексеру және су қысымын арттыру бойынша нақты ұсыныс берілетінін, аталған кәсіпорын тарапынан скважиналарды арнайы техниканың көмегімен тазалау (компрессормен үрлеу) жұмыстарын жүргізу үшін қажетті шаралар қолға алынатынын айтты.
Қабылдауға келген тұрғындар қатарында Әліпбекова Ләззат Құттыбекқызы мен Шаден Талғат Ертайұлы да өз мәселелерін жеткізді. Депутат олардың өтініштерін тыңдап, әрбір мәселе бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетінін, бақылауда болатынын атап өтті.
Көшпелі қоғамдық қабылдау соңында тұрғындар халық қалаулысына мұндай кездесулер ауыл халқының көкейіндегі мәселелерді дер кезінде жеткізуіне мүмкіндік беріп, шешімін табуына жол ашатындығын жеткізіп, ризашылықтарын білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-timur/press/news/details/980629?lang=kk
Жауап қалдыру