Қостанай облысында жедел жәрдем қызметінің «дабыл қаққан» мәселелері депутаттар талқысында болды 11 сәуір күні Қостанай облыстық мәслихатының әлеуметтік сала және үкіметтік емес ұйымдармен өзара әрекеттесу мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қостанай облысында жедел жәрдем қызметінің «дабыл қаққан» мәселелері депутаттар талқысында болды

11 сәуір күні Қостанай облыстық мәслихатының әлеуметтік сала және үкіметтік емес ұйымдармен өзара әрекеттесу мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысында медициналық көмектің сапасы, соның ішінде облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының қызметіндегі мәселелері қаралды.

Отырысқа тұрақты комиссия төрағасы Махаббат Жұтаев төрағалық етіп, сөзді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанна Қозыбаеваға берді. Ол жалпы жағдайға тоқталды.

– Қостанай облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының құрамына 24 бөлімше кіреді. Оның ішінде біреуі – медициналық авиация, 6 – қалалық, 17 – ауылдық бөлімшелер, тағы екі қосалқы станция бар. Барлығы 788 мыңға жуық халқы бар кең аумақты қамтиды, – деп мәлімдеді Қозыбаева.

Жалпы штатпен қамтылу көрсеткіші 97,5 пайызды құрайды – бұл оң көрсеткіш. Алайда жүйеде бірқатар мәселелер де бар.

– Қазіргі таңда санитарлық көлік саны – 96. Оның 58-і қалада, 38-і ауылдық жерде. Биыл 4 көлікті есептен шығару жоспарланған. Жалпы тозу деңгейі – 73 пайыз. Сонымен қатар, дәрігерлік бригадалар үшін көтергіш құрылғылардың жетіспеушілігі байқалады – бұл мамандарды тарту үшін қажет. Тағы бір өзекті мәселе – Қостанай қаласындағы жедел жәрдем орналасқан ғимараттың бейімделмеген, ескі болуы. Бұл – 1954 жылы салынған нысан. Дегенмен мәселе шешімін табуда – жаңа ғимараттың ЖСҚ-сын жасау басталды, 2-Қостанай аумағынан жер телімі бөлінді, – деді Жанна Қозыбаева.

Облыстық мәслихат депутаты, тұрақты комиссия мүшесі Гайния Есеева техниканың қай жерде көбірек тозғанын сұрады – ауылда ма, әлде қалада ма?

– Барлық аудандарға санитарлық көлік тең бөлінген. Әрқайсысында реанимобиль мен УАЗ көлігі бар. Көктемгі балшықты кезеңде тек УАЗ-дар ғана жолға шыға алады. Соңғы рет олар 2018 жылы жеткізілді, қазір олардың 98%-ы тозған. Қалаларда Hyundai, Jac маркалы көліктер қолданылады, олардың тозуы – 65%. Сонымен қатар, жуырда екі жедел жәрдем көлігі ірі жол-көлік оқиғасына ұшырап, олар әзірге саптан шығарылды – жөндеу де жүргізілмей тұр, себебі сот процестері жүруде, – деді облыстық жедел жәрдем станциясының уақытша басшысы Олег Мелешенко.

– Автопаркті жаңарту және тозу көрсеткішін төмендету бойынша қандай жоспар бар? – деп нақтылады Есеева.

 

– Қазіргі таңда санитарлық көліктің 40 бірлігін сатып алу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасына ресми хат жолданды. Сондай-ақ станция тарапынан техникаға жөндеу жұмыстары жасалуда – қозғалтқыштар, ілініс, жүріс бөлігі, жетектер ауыстырылып жатыр. Заң бойынша, жедел жәрдем көліктері бес жыл пайдаланғаннан кейін есептен шығарылады, – деп жауап берді Мелешенко.

Депутаттар автопарктің тез тозуына таңданыстарын жасырмады.

– Бес жыл – бұл кепілдік мерзімі ғана шығар? Есімде, бірнеше жыл бұрын Jac маркалы жаңа көліктер алынған еді. Техниканы қайда қызметке қоясыздар, жөндеуді қайда жүргізесіздер? – деп сұрады облыстық мәслихат депутаты Махаббат Жұтаев.

– 2020 жылы 40 автокөлік жеткізілді – олардың бір бөлігі Jac және Hyundai. Күнделікті техникалық қызмет көрсету мен жөндеумен жүргізушілеріміз айналысады, станцияның бір гаражында шұңқыр жасақталған. Кепілдік кезеңінде “Тарлан” және Hyundai орталығы сияқты Қостанайдағы компаниялармен келісімшарт жасалған еді, – деді Олег Мелешенко.

Айта кетейік, жедел жәрдем станциясында алдағы уақытта техника да, кадр да көбеймек. Дәл осы өзгерістерге байланысты жедел жәрдем жұмысы қоғамдық талқылауға шығарылды.

– Депутаттардан құралған жұмыс тобы бірнеше қалалық емханаларды аралап, ондағы персоналмен сөйлесіп, жедел жәрдем қызметінің сапасын зерделеді. Себебі заңнамаға өзгерістер енгізілген – бұған дейін 4-санатты шақыртуларды жедел жәрдем қызметі атқаратын, кейін олар емханаларға берілді, енді кей бөлігі қайтадан жедел жәрдемге қайтарылып отыр. Емханалардағы фельдшерлер қайда барады? Бұл адамдардың жұмысқа орналасуы бізді алаңдатады, – деді облыстық мәслихат депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Динара Өтебаева

– Емханалардағы барлық фельдшерлерге біз оларды жұмысқа қабылдауға дайын екенімізді хабарладық. Дегенмен бұл мамандар медициналық мекемелердің құрылымында қала береді. Енді «мобильді бригада» деген жаңа түсінік енгізілді. 4-санатты шұғыл шақыртулар бойынша СМП станциясының диспетчері автоматтандырылған басқару жүйесі арқылы бұл шақыртуларды сағат 08:00-ден 19:00-ге дейінгі аралықта жұмыс істейтін бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекемелердің мобильді бригадаларына жолдайды. Ал түнгі уақытта бұл шақыртуларды жедел жәрдем қабылдайды, – деп түсіндірді Олег Мелешенко.

 

Көп жылдық тәжірибесі бар дәрігер, облыстық мәслихат депутаты Татьяна Булгацевич бұл мәселеге қатысты алаңдаушылықтың орынды екенін атап өтті.

 

– Шын мәнінде, 4-санатты шақыртулар саны азайған, адамдар жедел жәрдемді жағдай ушыққан кезде – яғни 1-2 санатқа өткенде шақырады. Сондықтан мұндай шақыртулардың бір бөлігінің жедел жәрдемге қайта берілуі – дұрыс шешім. Себебі жедел жәрдем қызметкерлерінің дағдысы, жылдамдығы және біліктілігі жоғары. Бұл реформадан қорқудың қажеті жоқ, – дейді Булгацевич.

 

Депутаттар емханадан кететін фельдшерлерді жұмысқа орналастыру мәселесін өз бақылауларында ұстайтын болады. Сонымен қатар, тұрақты комиссия төрағасы Махаббат Жұтаев жедел жәрдем көліктерінің қызметіне, жөндеу жұмыстарына және олардың жылдам тозуына бөлінетін шығындарды одан әрі зерттеу қажеттігін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-oblys-apparaty/press/news/details/981582?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді