
Темір ауылында бүгін маңызды кездесу өтті. Жергілікті тұрғындармен жүздесуге «AMANAT» партиясы Отырар аудандық филиалының мүшесі, аудандық мәслихат депутаты Амзеев Ардақ Нажмидинұлы арнайы келді. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Ұзақов Уалихан Жамалханұлы да қатысып, ауыл тұрғындарына өзекті мәселелер бойынша нақты жауап берді.
Кездесу барысында ел сенімін арқалап жүрген халық қалаулысы Ардақ Нажмидинұлы 2024 жылы атқарылған жұмыстарды саралап, әр сала бойынша жүйелі түрде баяндама жасады. Әсіресе ауыл инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар, болашаққа деген жоспарлар бойынша тұрғындарға ақпараттар берілді.
Депутат баяндамасында келер жылға белгіленген маңызды жұмыстарға да кеңінен тоқталды. Солардың қатарында Темір ауылының көшелерін жаңғыртуға бағытталған бірқатар жобалар бар. Атап айтқанда:
• Еңбек ардагері А.Қазиев атындағы көшеге ұзындығы 180 метр болатын асфальт төселеді. Бұл көше — ауылдың орталық бөлігінде орналасқан, тұрғындар үшін күнделікті қозғалыста маңызды бағыттардың бірі.
• Амантай Ерсүгірұлы көшесімен қиылысатын, ұзындығы 700 метр болатын ішкі көшеге де асфальт төсеу жоспарланған. Қазіргі таңда бұл бағыттағы қозғалыс қиындық тудырады, ал жаңғыртудан кейін жергілікті халыққа үлкен жеңілдік болмақ.
• Ұзындығы 520 метр болатын, Жібек жолы даңғылымен қиылысатын ішкі көшеге жол төсеу жұмыстары жүргізілмек.
• Сонымен қатар Теріскей орам көшесінің бойындағы ұзындығы 325 метр болатын ішкі көшеге асфальт төсеу үшін 2025 жылдың бюджетіне енгізу жұмыстары басталып кеткен.
Кездесу барысында депутат ауыл балаларына жасалатын жұмыстар туралы да айтып өтті. Атап айтқанда, келесі жылы ауылда балалар ойын алаңының құрылысы басталмақ. Қазірдің өзінде жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынған. Бұл жоба – балалардың дене шынықтыруымен айналысуына, қауіпсіз әрі таза ортада ойнауына жағдай жасайтын маңызды бастама болмақ.
Сонымен қатар Темір және Қарғалы ауылдары арасындағы ПС-35/10 қосалқы электр станциясында қорғаныс құралдарын жаңарту және жөндеу жұмыстарының жүргізілетіндігі айтылды. Бұл жоба ауыл тұрғындарын сапалы әрі үзіліссіз электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында іске асады.
Кездесудің ең маңызды бөлігі – ауыл тұрғындарының көкейіндегі мәселелерге тікелей жауап алу мүмкіндігі болды. Ең алғашқы сауалды көтерген — ауыл тұрғыны Турежанова Назира болды. Ол «Алпамыс» бөбекжай-бақшасының жертөлесінде жиналатын ыза су мәселесін алға тартты. Бұл мәселе ұзақ уақыттан бері шешімін таппай келген. Тұрғынның сауалына жауап берген мәслихат төрағасы Ұзақов Уалихан Жамалханұлы аталған жайтты жеке бақылауына алғанын, шілде айында нақты шешім қабылданатынын атап өтті.
Келесі ұсынысты Шаден Талғат жолдады. Ол С.Әлиев атындағы шағын жинақты мектептің ауласын көгалдандыру мақсатында жер асты су көзін (скважина) орнатуға көмек сұрады. Мәслихат төрағасы бұл мәселенің өзектілігін ескеріп, мектеп аумағында көгалдандыру жұмыстарын жақсартуға бағытталған шаралар қолға алынатынын жеткізді.
Кездесу соңында ауыл тұрғындары депутаттың есепті баяндамасына оң бағасын беріп, ауылды дамыту жолында атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдірді. Көпшілік атынан сөз алған Қуандық Бағлан игілікті істерге ақ батасын беріп, халық пен билік арасындағы сенім мен байланыстың нығая беруін тіледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-timur/press/news/details/980627?lang=kk
Жауап қалдыру