
Қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидаттарын ілгерілету аясында, Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бастамасымен облыс аумағындағы әлеуметтік маңызы бар мекемелердің жай-күйіне жүйелі түрде мониторинг жұмыстары жүргізіліп келеді.
Департамент пен жергілікті атқарушы орган басшылығы еріктілермен бірге Мақтаарал және Ордабасы аудандарында 5 жылдан бері құрылысы тоқтап тұрған 3 білім ошағына қоғамдық бақылау жүргізілді.
Бұл нысандардың құрылысы мердігер компаниялардың жауапсыздығынан тоқтап қалған. Білім ошақтарының құрылысына салғырттық танытқан мердігерлермен келісім шарттар бұзылған.
Қазіргі кезде бұл объектілердің құрылысы қайта қолға алынып, жаңадан өткізілген мемлекеттік сатып алу конкурстарының қорытындысымен жеңімпаз атанған мердігерлермен қайта келісім шарттар түзілген. Құрылыс жүргізуге дайындық жұмыстары басталуда.
Айта кетейік, Департаменттің мониторингінде облыста ұзаққа созылған 4 құрылыс нысандары бар, олардың қатарында Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылындағы 600 орындық, Мақтаарал ауданы Еркінабад ауылындағы 200 орындық, осы ауданға қарасты Нұрлы жол ауылындағы 200 орынға арналған білім беру ұйымдарының және Төлеби ауданы Ханарық елді мекеніндегі «Балдыберек» өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы бар.
Ұзаққа созылған құрылыс нысандары мемлекет қаржысына салынып жатқан әлеуметтік нысан болғандықтан, Антикор еріктілер осы объектілердің құрылысының сапалы жүргізілуіне, мерзімінде аяқталуына қоғамдық бақылауды тұрақты түрде жүргізетін болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/anticorruption-turkestan/press/news/details/981002?lang=kk
Жауап қалдыру