
Аудан орталығында орналасқан А. Сүлейменов атындағы жалпы білім беретін мектепте ардагер ұстаздардың ерен еңбегін ұлықтап, есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында тағылымы мол шара ұйымдастырылды. Ізгілікті іс аясында мектептің бірқатар дәрісханалары жаңғыртылып, білім саласында ұзақ жылдар бойы тер төккен ардагер ұстаздардың атымен аталды.
Атап айтқанда, мемлекеттік қызмет пен білім беру саласында еселі еңбек еткен Ізбалаұлы Төлеген атындағы тарих дәрісханасы мен Қазақ ССР Халыққа білім беру министрлігінің, сондай-ақ ҚР Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған Егенов Ата атындағы оқу залы ашылды.
Шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ардагер ұстаздардың білім саласындағы өлшеусіз үлесін атап өтіп, жас ұрпаққа өнеге боларлық бастаманың маңыздылығына тоқталды:
– Ұстаз – ұлттың ұлы тұлғасы. Ардагер ұстаздарымыздың атымен аталған дәрісханалар – олардың ұрпақ тәрбиелеудегі еңбегіне деген тағзымымыз. Бұл — болашақ буынға бағыт-бағдар, рухани сабақ болады деп сенемін. Осындай тәрбиелік мәні зор шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба береді, – деді аудан басшысы.
Салтанатты шарада Түркістан облысының Құрметті азаматы Сексенбай Тұрысбеков және білім саласының ардагері Талымов Жолдасбек сөз алып, ұстаздық жолдың маңыздылығына тоқталды. Өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Олар жастарға рухани мұра қалдырған аға буын ұстаздардың еңбегін жоғары бағалап, жүрекжарды тілектерін білдірді.
Шараға ардагерлер ұстаздардың замандастары мен жақындары да қатысып, елге үлгі болған ұлағатты тұлғаларға деген құрметтерін білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-suzak/press/news/details/979917?lang=kk
Жауап қалдыру