
Бүгінде аудан тұрғындарының саны жыл санап артуына байланысты қоғамдық көліктерге деген халықтың сұранысы арта түскені белгілі. Осы мақсатта, тұрғындардың өтініштері бойынша «Сырым Транс Ком» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қоғамдық көлік тасымалдауымен айналысуда. Аталған серіктестік иелігіндегі 2019 жылы шығарылған 3 бірдей автобус Байзақ ауданы тұрғындарына қызмет көрсетіп келеді.
32 шақырымдық ұзақтықта қатынайтын «Көкөзек-Сарыкемер» бағытындағы автобус Қосы батыр, Жақаш, Түймекент ауылдары арқылы өтетін болса, 30 шақырымдық «Жаңатұрмыс-Сарыкемер» бағытында жүретін қоғамдық көлік Көкбастау, Тегістік, Жібек жолы, Базарбай ауылдарын қамтиды. Ең шалғай жатқан «Шахан-Сарыкемер» бағытына қатынайтын автобус 55 шақырымды басып өтіп, Сарыбарақ, Тегістік, Жетібай, Аққия, Төрткөл, Мырзатай, Қосақ елді мекендері арқылы халыққа қызмет көрсетуде. Автобус жүргізушілері жолаушылар сұранысы бойынша Тараз қаласындағы «Ауыл береке» базарына дейін тасымалдау жүргізетіндерін айтты.
Аталған серіктестіктің автобустарының жай-күйімен танысқан аудан басшысы жауаптыларға тұрғындарды тасымалдау барысында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертті. Сондай-ақ, қызмет көрсету сапасын да баса мән беру керектігін алға тартты. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшылығы аталған бағыттарға қатынайтын автобустарды келесі жылы жаңартуды жоспарлап отырғанын айта кетейік.
Ақпараттық медиа орталығы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-bayzak/press/news/details/980461?lang=kk
Жауап қалдыру