
Абай облысында «ASSYLTAS» қоғамдық қорының бастамасымен, облыс әкімдігі мен халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының қолдауымен «Артық білім кітапта» жобасы жүзеге асты.
23 сәуір -Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылған жоба аясында өңірдегі 233 ауыл мектебіне жалпы саны 14 000 дана кітап Аягөз қаласына жеткізілді. Аягөз қаласының орталық алаңында ауыл мектептеріне кітаптарды салтанатты түрде табыстау рәсімі өтіп, концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Жобаның мақсаты – ауыл мектептерінің кітапханаларын мазмұнды кітаптармен толықтырып, балалардың кітап оқуға деген ықыласын арттыру, Абай өңірінде оқу мәдениетін дамыту. Бұл бастама балалардың ойлау қабілетін арттыруға және тілдік қорын байытуға ықпал етеді.
Ақсуат ауданының 19 мектебіне арнайы әзірленген қорап ішінде 60 түрлі кітаптан құралған жинақ жалпы саны 1140 кітап табысталып, таратылды. Бұл жинаққа қазақ және әлем әдебиетіндегі балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік шығармалар енген. «Қазақ тарихының әліппесі», «Алаш жылнамасы», «Қош бол, майдан», «Соңғы соққы», «Ағыраптағы аты жоқ адам» секілді рухани мазмұны терең шығармалар бар. Кітаптар тек таратылып қоймай, олардың оқылуы да назарда болады. Жыл соңында осы жинақтар бойынша оқушылар арасында байқау ұйымдастырылып, үздіктерге бағалы сыйлықтар табысталады.
«ASSYLTAS» қоғамдық қорының «Артық білім кітапта» жобасына және осы жобаны жүзеге асырған ұйымдастырушыларға шынайы алғысымызды білдіреміз!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aksuat-bilim/press/news/details/985699?lang=kk

Жауап қалдыру