Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Халықтар арасындағы бірлік пен татулықты дәріптеуге арналған мерекенің көпұлтты еліміз үшін маңызы зор. Қазақ елі мен жері – ежелден сан алуан мәдениеттер мен өркениеттерді тоғыстырып, қонақжайлылық, бауырмашылдық, кеңпейілділік, үлкенге ізет, кішіге құрмет секілді асыл қасиеттерімен танылып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Бұл – татулық пен тыныштықтың, тұрақтылық пен бейбітшіліктің символы саналатын мерейлі мереке. Қазақ жерін мекен еткен сан алуан этностың мәдениеті, діні мен дәстүрі өзара үндесіп, бірегей өркениетке айналды, деді құттықтау сөзінде.
Халқымызда «Бақ қайда барасың – ынтымаққа барамын» деген даналық сөз бар. Бірлігі бекем, ынтымағы ырысты ауданымызда бүгінгі таңда 30-дан астам ұлттың өкілдері достықта, өзара сыйластықта өмір сүруде. Ауданымыздағы 6 этномәдени орталық Төле бабамыздың «Ынтымақ – ырыс қайнары» деген даналығын алға тарта отырып, ортақ мақсат пен мүдде жолында еңбек етуде.
Татулығы жарасқан жұртымыздың абыройы асқақ болсын! Әр шаңырақта татулық пен өзара түсіністік болсын! Бірлігіміз бекем, Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!
Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!
Жауап қалдыру