ЕЛІМ ДЕП ЕҢБЕК ЕТКЕН НАР ТҰЛҒА

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Отырар ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Әбілқасым Құлымбетовтың 80 жасқа толуына «Елім деп еңбек еткен нар тұлға» атты салтанатты іс-шара өтті. Шараға келген көпшілік алдымен «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» кітап көрмесін тамашалап, аудан тарихынан сыр шертетін тарихи фотолармен танысты.
Ауданымыздың дамуына елеулі үлес қосқан асыл азаматты құрметтеп, еселі еңбегін кейінгі жастарға үлгі-өнеге ету мақсатында ұйымдастырылған шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы арнайы қатысып, сексеннің сеңгіріне шыққан ардагерді мерейтойымен құттықтады.
Аудан әкімі құттықтау сөзінде: «Көкірегіне кие қонған, дуалы ауыз ел ағаларымыздың бірі «Құрмет белгісі» ордені мен бірнеше отандық беделді марапаттаулардың иесі, Отырар ауданының Құрметті азаматы Құлымбетов Әбілқасым Нұсқабайұлы 80 жасқа толып отыр. Әбілқасым ағамыздың атқарған ісі – тек бір адамның ғана емес, бүтін бір ұрпақтың жадына жатталар жарқын үлгі. Елі үшін еткен еңбегі – ерлікпен пара-пар. Әбілқасым ағамыз ауданда басшылық қызметте болған кезінде аудан тарихына алтын әріппен жазылатын оқиғалар да аз болмады. Солардың бірі 1991 жылы 5 шілде күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президумы аудан атауын «Отырар» деп атау туралы қаулы шығарды. Ел ауданға тарихи атының оралуына байланысты үлкен той жасап тойлады. Ш.Қалдаяқовтың «Отырардағы той» әні осы салтанатты тойда алғаш рет орындалды. Міне, елім деп еңбек еткен нар тұлға Әбілқасым Құлымбетовтың осындай елеулі еңбектерін кейінгі жастарға үлгі-өнеге ету біздің ортақ парызымыз. Сондықтан бүгінгі іс-шараның маңызы зор деп санаймын»,- дей келе мерейтой иесіне сый-сыйапат жасап, құрмет көрсетті.
Сондай-ақ, шара барысында Отырар ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагерлері Мырзахмет Темірбеков, Мырзабай Өксікбаев, Мүтәлхан Әбілаханов, Оңалбек Тоқбергеновтер естеліктерімен бөлісіп, Әбілқасым Нұсқабайұлының іскерлік қабілеті мен ел басқарудағы жетістіктері жайында атап өтті.
Ия, ел тарихындағы қиын-қыстау кезеңдерде дүниеге келіп, балалық шағы еңбек пен тұрмыстың майданында өткен Әбілқасым ағамыздың есімі аудан тарихында алтын әріппен жазылары сөзсіз. Сонау қайта құру кезеңіндегі дағдарыстан абдырап қалған халықтың еңсесін қайта тіктеп, Арыс кеңшарында жүгері өнімін арттыруда аянбай қызмет еткен Әбілқасым Нұсқабайұлының еңбегін аудан халқы естен шығарған емес. Тіпті ауданымыздың тарихи атауы «Отырар» деп қайта өзгеруі барысындағы жұмыстарды атқарудағы еңбегі де ел есінде.
Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, аудандық Кеңестің төрағасы болып сайланып, «Темір» асыл тұқымды қаракөл қой совхозында директор қызметтерін абыроймен атқарды. Осы кезеңдерде шаруашылықтың жем-шөп базасын нығайта отырып, мал басын көбейту мен сақтауда, жүгері өндірісін дамытуда сүбелі еңбек етті.
1996 жылы Отырар ауданының әкімі болып тағайындалып, тәуелсіздік жылдарындағы ауданымыздың қалыптасуы жолына бар күш-жігерін арнады. Аудандағы Шәуілдір ауыз су торабының құрылысын жүргізуге атсалысып, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарына тікелей араласты.
Әбілқасым Нұсқабайұлының еліне еткен еңбектері еленіп, ҚР Президентінің «Құрмет» граммотасымен, ҚР Парламентінің бірнеше мерекелік медальдарымен марапатталып, Отырар ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді.
Мерейлі шарада еңбек ардагерінің жақын туыстары мен бауырлары іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға шынайы алғыстарын айтты. Одан әрі концерттік бағдарламаға ұласып, аудан өнерпаздары патриоттық әндерімен нақышына келтіре орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-audany/press/news/details/987811?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді