
БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫ ТУРАЛЫ ЕСЕП БЕКІТІЛДІ
Ағымдағы жылдың 30 сәуірінде Жалағаш аудандық мәслихатының кезектен тыс 30-сессия отырысы өтті. Сессия отырысына аудандық мәслихат депутаттарымен қатар Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Е.Абдрахманов, аудан әкімінің орынбасары А.Нұрмағанбетов, кент, ауыл округі әкімдері мен есепші мамандары, бөлім, мекеме басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Сессия отырысын аудандық мәслихат төрағасы Ө.Елеусінов ашып, жүргізді.
Сессия отырысында келесі мәселелер қаралды:
- 2024 жылға арналған аудандық, кент және ауылдық округтер бюджеттерінің атқарылуы туралы жылдық есепті бекіту туралы.
- «Жалағаш ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» Жалағаш аудандық мәслихатының 2023 жылғы 29 қыркүйектегі № 7-2 шешіміне өзгеріс енгізу туралы.
- Жалағаш ауданы бойынша шетелдіктер үшін 2025 жылға арналған туристік жарнаның мөлшерлемелерін бекіту туралы.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселеге байланысты аудан әкімінің орынбасары А.Нұрмағанбетов сессия отырысының алдында болған мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында баяндама жасады.
Аудан бюджетінің 2024 жылға бекітілген жалпы бюджет түсімдері 10019073,0 мың теңге, нақтыланғаны 12159921,5 мың теңге, түзетілгені 11921130,5 мың теңге, орындалғаны 11932472,3 мың теңге немесе 100,1 % құраған. Оның ішінде бекітілген аудандық бюджеттің өз кірістері 1997938,0 мың теңге, нақтыланғаны 1969493,0 мың теңге, түзетілгені 1904093,0 мың теңге, орындалғаны 1900404,1 мың теңге немесе 99,8 %.
Жоғарғы тұрған бюджеттен алынатын трансферттердің түзетілген жоспары 8 012 660,4 мың теңге толығымен алынған. Жыл ішінде аудан бюджеті аудандық мәслихат сессиясының шешімдерімен 5 мәрте нақтыланып, 13 мәрте түзету енгізілген.
Аудан бюджеті шығыстарының бекітілген жылдық жоспары 10019073,0 мың теңге, нақтыланған жоспары 12198534,7 мың теңге, түзетілген жоспары 11959743,7 мың теңге, атқарылуы 11925091,9 мың теңгеге немесе 99,7%-ға орындалып, 34651,8 мың теңге игерілмеген.
Мұның ішінде республикалық бюджет 100 %-ға орындалып 10,9 мың теңге, облыстық бюджет 98,8% орындалып 33 082,8 мың теңге үнемделген, бюджеттік кредиттер 100,0% орындалған.
Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары А.Нұрмағанбетов 2021-2025 жылдарға арналған Қызылорда облысының даму жоспарының Жалағаш ауданы бойынша 2024 жылы іске асырылуы туралы баяндады.
2021-2025 жылдарға арналған Қызылорда облысының даму жоспарының аудандар бөлінісіндегі нысаналы индикаторлары негізінде Жалағаш ауданына 9 нысаналы индикатор тиесілі.
2024 жылдың қорытындысымен 6 нысаналы индикатор орындалған және 3 нысаналы индикатордың нәтижесі ағымдағы жылдың сәуір айының қортындысымен шығатын статистикалық мәліметтерге сәйкес анықталады.
Бірінші мәселе бойынша Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Е.Абдрахманов бюджеттің атқарылуын бақылау нәтижелері туралы баяндама жасады. Баяндамашы бюджеттік бағдарлама әкімшілері мен кент, ауылдық округтер әкімдері тарапынан жіберілген кемшіліктерді айта келе, алдағы уақытта бақылауға алынуы қажетті мәселелер бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Тұрақты комиссияда кент және ауылдық округ әкімдерінің бюджетті атқару туралы қысқаша есептері тыңдалып, мәслихат депутаттары тарапынан сұрақтар мен ұсыныстар берілді.
Сессия отырысында 2024 жылға арналған аудандық бюджеттің атқарылуы туралы есепке қорытынды баяндаманы «Экономикалық даму, қаржы және бюджет мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссия төрағасы Г.Құрманбаева жасады.
Баяндамашы түсімдер бөлімін толықтыруға және жергілікті бюджеттің салықтық базасын кеңейтуге жұмыстар жүргізуді, дебиторлық және кредиторлық берешектің қалыптасуына жол бермеуді және Қызылорда облыстық тексеру комиссиясымен анықталған кемшіліктерді жойып, алдағы уақытта тиісті Заңнамаларды сақтай отырып жұмыс жасауға ерекше назар аудару керектігін айта келе, 2024 жылғы аудандық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті бекітуге ұсынды.
Екінші мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қ.Бөлембаев хабарлама жасады.
Хабарламашы жекелеген санаттағы азаматтардың мерекелік күндеріне берілетін әлеуметтік көмек мөлшеріне және негізгі ұғымдар мен терминдеріне енгізілетін өзгерістерді айтты.
Үшінші мәселе бойынша аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Е.Жантуғанов хабарлама жасады.
Хабарламашы аудан бойынша 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 31 желтоқсанды қоса алғанда, хостелдерді, қонақжайларды, жалға берілетін тұрғын үйлерді қоспағанда, туристерді орналастыру орындарындағы шетелдіктер үшін туристік жарнаның мөлшерлемелері болу құнының 0 (нөл) пайызы мөлшерінде бекітуге ұсынды.
Сессияда қаралған мәселелер бойынша шешім жобалары бірауыздан қолдау тапты. Аудан әкімінің орынбасары А.Нұрмағанбетов бюджеттің атқарылуы, биылғы жылдың бюджеті және алдағы міндеттер туралы қысқаша айтып өтті.
Сессия жұмысын аудандық мәслихат төрағасы Ө.Елеусінов қорытындылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-zhalagash/press/news/details/989542?lang=kk
Жауап қалдыру