
Түркістан облысы ТҚК үйлестіруімен және Дін істері басқармасымен бірге, Түркістан облысы Сауран ауданындағы «Құмтүйін» атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушыларымен діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша ақпараттық түсіндіру шаралары жүргізілді.
Іс-шараның мақсаты – аудан жастары арасында жат ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыру және ақпараттық түсіндірме жұмыстары арқылы келешек буынның діни ағымдар мен секталардың жетегінде кетуден сақтандыру болып табылады.
Сонымен бірге, қоғамды экстремистік және террористік қауіптерден қорғау, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайту мақсатында, діни сауаттылықтың, ұлттық келісімнің сақталуының маңыздылығы түсіндірілді.
Теолог маман қатысушыларға діни экстремизм мен радикализмнің негізгі белгілерін, олардың қоғамға тигізетін зардаптарын, сондай-ақ жат ағымдардың ерекшеліктерін түсіндірді. Сонымен қатар, дәстүрлі ислам мен деструктивті ағымдардың айырмашылықтары, теріс діни идеологиялардың таралу жолдары мен олардан қорғану тәсілдері туралы нақты мәліметтер берілді.
Іс-шараға арнайы шақырылған мамандар жат ағымдардан келетін қауіп-қатерлерді халық арасында кеңінен түсіндіріп, ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді берік ұстануды, сол арқылы түрлі экстремистік идеологияларға қарсы иммунитетті қалыптастыруға шақырды.
Кездесу соңында, қатысушылар семинардан алған пайдалы ақпараттары жайында өз пікірлерін айтып, ойлары мен сұрақтарын ортаға салып, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.
Жалпы кездесуге 200-ден астам жастар қатысты.
Материал Түркістан облысы бойынша ТҚК
аппаратының ақпараты негізінде дайындалды

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/antiterrosticheskiy-centr/press/news/details/989332?lang=kk

Жауап қалдыру