
КЕЛЕСТЕ ӨТКЕН МАРАФОН КӨПШІЛІКТІ БІРІКТІРДІ
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Келес ауданында кең ауқымды жеңіл атлетикалық марафон өтті. Марафонға аудан тұрғындарының түрлі жас санатындағы өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, білім және спорт саласының мамандары белсенді түрде қатысты.
Аудан орталығы – Абай ауылында өткен бұл спорттық мереке көпшіліктің көңілінен шығып, жалынды рух пен сергек көңіл-күй сыйлады. Жүгіру Тұрар Рысқұлов көшесіндегі №13 колледждің алдынан басталып, аудандық Орталық мешітке дейін жалғасты. Қатысушылар 3 шақырымдық қашықтықты бағындыруға тырысты.
Жарыс екі жас санаты бойынша өткізілді. Қатысушылардың көптігі мен белсенділігі – Келес тұрғындарының салауатты өмірге деген құлшынысын, бірлікке деген берік ұстанымын көрсетті. Бұл жолы жарыс – тек спорттық дода ғана емес, ел ішіндегі достық пен бірліктің айқын көрінісіне айналды.
Мәреге бірінші болып жеткен желаяқтарды Келес ауданының әкімінің орынбасары Даурен Сариев қарсы алып, жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттап, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығымен құттықтады.
— Бүгінгі Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылған марафон – тек спорттық жарыс қана емес, еліміздегі татулық пен берекенің белгісі. Бұл шара – көпұлтты халқымыздың ынтымақ пен достықта өмір сүріп жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Биыл – ел тыныштығы мен қоғамдық келісімді сақтауда ерекше рөл атқарып келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы. Осы мерейлі дата бәpіміз үшін маңызды. Осы атаулы күнде сіздерді марапаттай отырып, баршаңызды Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, елімізге тыныштық пен гүлдену тілеймін, – деді Даурен Сариев.
Қатысушыларға бағалы сыйлықтар, медальдар және арнайы грамоталар табыс етілді. Бұл шара – денсаулықты нығайтып қана қоймай, көпшіліктің бірігіп әрекет етуіне мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.


Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/987918?lang=kk
Жауап қалдыру