Маңғыстауда нашақорлықпен күрес шаралары талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2 мамыр күні Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаевтың төрағалығымен нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы мемлекеттік органдар қызметін үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штаб отырысы өтті. Жиын әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде көрсетіліп, тұрғындар сауалдарын жолдауға мүмкіндік алды.

Отырыс барысында ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті 2-басқармасы бастығының міндетін атқарушы Сергей Ильиных 2023–2025 жылдарға арналған нашақорлықпен күрес бойынша қабылданған кешенді жоспардың жүзеге асырылу барысы туралы баяндама жасады.

Айтуынша, биылғы жылдың бірінші тоқсанында елімізде 2 мыңнан астам есірткіге қатысты қылмыстық құқықбұзушылық анықталған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға көп. Оның ішінде мыңнан астамы ауыр және аса ауыр наркобизнестің фактілері.

Сондай-ақ, заңсыз есірткі айналымына қатысты әкімшілік құқықбұзушылықтар саны 37%-ға өскен. Қазіргі таңда есірткіні заңсыз тұтынғандарға қатысты жаңа заңнама нормасы қолданыла бастаған. Биылғы бірінші тоқсанда 69 жасырын есірткі зертханасы жойылып, 18 ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Нашақорлықтың алдын алу мақсатында жыл басынан бері 4,5 мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізілген. Оның ішінде 3 мыңы білім беру мекемелерінде ұйымдастырылып, 343 мыңнан астам жасөспірім мен жас қамтылған.

Сонымен қатар, отырыста 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай өтетін айлықтың дайындық жұмыстары мен Маңғыстау облыстық штабтың II тоқсандағы жұмыс жоспары қаралды.

Кеңес мүшелері мен қоғамдық ұйым өкілдері өз ұсыныстарын ортаға салып, бірлескен іс-қимылдарды күшейтудің маңызын айтты.

Облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев айтылған ұсыныстарды пысықтап, нашақорлықпен күресу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/988880?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді