
ЖӘНІБЕК АҒЫБАЕВ ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАП, ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ.
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан тұрғындарымен жеке қабылдау өткізіп, елді мекендердегі өзекті мәселелерге назар аударды. Қабылдау барысында тұрғындар әлеуметтік инфрақұрылым, жер, ауыз су және ирригациялық жүйелерге қатысты сауалдарын көтерді.
Ұшқын ауылдық округінің тұрғыны, сенімді өкіл арқылы, Қоралас елді мекеніндегі тұрғын үйдің құқықтық құжаттарын рәсімдеу мәселесін алға тартты. Тұрғын Ұшқын ауылдық округі әкімінің аппаратына өтініш беріп, тұрғын үйге құқық белгілейтін құжаттарды ресімдеуге көмектесуді сұрады. Бұл мәселе Келес ауданы әкімдігі жанындағы жер комиссиясында қаралып, ҚР Жер кодексінің 52-бабы мен ҚР Азаматтық кодексінің 240-бабына сәйкес қажетті құқықтық негіздердің болмауына байланысты оң шешімін таппады.
— Тұрғын үйге заңды құжаттарды рәсімдеу үшін ең алдымен жер телімінің құқықтық мәртебесі анықталуы тиіс. Бұл – жер актісінің немесе жер пайдалану құқығын растайтын басқа құжаттардың болуы. Егер бұл құжаттар болмаса, жер телімін заңдастыру рәсімі жүргізілуі тиіс. Кез келген нысан заң шеңберінде ғана тіркеуге алынады. Сізден түсіністікпен қарауды сұраймыз және заң талаптарын сақтай отырып, өз құқықтарыңызды қорғауға шақырамыз, – деді аудан әкімі Жәнібек Есееұлы.
Аудан әкімінің қабылдауында болған Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындары бірқатар маңызды мәселелерді көтерді. Ағын судың жеткіліксіздігі, жаңа медициналық пункттің сумен толық қамтылмауы және ауыз судың жеткізілу тәртібі — тұрғындардың басты сауалдары болды.
Ағын су мәселесіне қатысты жауап берген аудан басшысы Ынтымақ елді мекеніндегі ауылдарға судың кезекпен беріліп жатқанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта судың көлемін арттыру бағытында тиісті шаралар қолға алынған. Жаңадан құрылысы аяқталған медициналық пункттің сумен қамтамасыз етілуі де назардан тыс қалған жоқ. Аталған мәселе бойынша мердігер компания тарапынан қажетті жұмыстар жүргізілетіні айтылды.
Ауыз суға қатысты да белгілі бір қиындықтар бар. Ынтымақ елді мекеніндегі ұңғымадан алынатын жер асты су қорының дебеті төмен болғандықтан, ауыл тұрғындары ауыз сумен әр төрт күн сайын қамтамасыз етілуде. Бұл мәселе де бақылауға алынып, шешу жолдары қарастырылуда. Кездесу соңында аудан әкімі көтерілген мәселелерді бақылауда ұстап, тұрғындардың өтініш-тілектері ескерусіз қалмайтынын жеткізді.


Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/987882?lang=kk
Жауап қалдыру