
Көктемгі егіс жұмыстарына дайындық аясында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан Максимовское ауылдық округіне жұмыс сапарымен барды. Сандықтау ауданының әкімі Серік Құдабайдың қатысуымен өндірістік және әлеуметтік нысандар қаралды.
Сапар барысында делегация “Свободное” ЖШС және “Максимовское” ЖШС егістіктерінде болып, мал шаруашылығы фермасының, астық қоймасының және минералды тыңайтқыштарға арналған ерітінді торабының жұмысымен танысты. Сондай-ақ, бөгет пен ағымдағы шаруашылық тексерілді.
Әлеуметтік сала нысандарына ерекше көңіл бөлінді. Мұрат Балпан учаскелік полиция пунктіне, қызметкерлерге арналған жатақханаға, “Арина” дүкеніне, “Арена” хоккей кортына, Жеңіс саябағына, жалпы білім беретін мектепке және Мәдениет үйіне барды. Сонымен қатар, әкімнің орынбасары ауылдық дәрігерлік амбулатория құрылысының барысымен танысты.
Сапар қорытындысы бойынша егіс науқанын сәтті өткізуді және округтің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етудің негізгі міндеттері белгіленді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-sand/press/news/details/989075?lang=kk

Жауап қалдыру