
Ақтауда амфитеатр алаңында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Ақтау гарнизоны әскери бөлімдерінің жеке құрамы арасында «Сарбаздар ән салғанда» атты сапта жүріп ән айту байқауы өтті, – деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Ақтау қаласы әкімдігінің қолдауымен Абай атындағы мәдени-демалыс кешені ұйымдастырған сапта ән айту байқауында 7 топ бақ сынады. Сайыста әр әскери бөлімшеден құрамы 40-50 сарбаздан тұратын рота қатысып, сапта жүріп әскери-патриоттық мазмұндағы әндерді орындады. Сайыста алдымен Маңғыстау облысы қорғаныс істер жөніндегі департаментінің бастығы Руслан Балтеміров құттықтау сөз сөйледі.
-7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Ақтау гарнизонына қарасты әскери бөлімдердің жеке құрамы сапта жүріп ән айтып өзара бақ сынады. Баршаңызды Отан Қорғаушылар күнімен құттықтаймын! Бар өмірін әскери салаға арнап, еліміздің тыныштығы мен халықтың амандығын тілеп өмірін Отан қорғауға арнаған азаматтарға, өз қызметін мінсіз атқарып келе жатқан жауынгерлерімізге алғысымызды білдіреміз. Еңбектеріңіз жемісті болсын. Әрқашанда аспанымыз ашық болып, еліміздің абыройы мен айбыны арта берсін,- деді Руслан Балтеміров.
Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені 51809 әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасы, 1-орынды 25744 әскери бөлімі теңіз жаяу әскерлер бригадасы иеленді. 2-орынға 6656 әскери бөлімі Ұлттық ұлан жайғасса, 3 орынға 3205 әскери бөлімі Ұлттық ұлан тұрақтады. Сондай-ақ, алғыс хатпен 30153 әскери бөлімі және 21814 әскери күштерінің әртекті кемелер дивизионы марапатталды. Жағалау күзетінің І-дивизионы арнаулы жүлдені иеленді.
Сонымен қатар, Астана қаласында өткен Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеруді амфитеатр алаңында 400-ге жуық қала тұрғыны мен қонақтары және Ақтау гарнизоны әскери бөлімдерінің жеке құрамы LED-экран арқылы тамашалады. Қала тұрғыны Марта Жексенбаева өз жылы лебізін жеткізді.
-7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен баршаңызды құттықтаймын. LED-экран арқылы Астанада өткен әскери шеруді тамашаладық. Маған өте ұнады. Қарулы күштер жасай берсін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын,- деді Марта Жексенбаева.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/991183?lang=kk
Жауап қалдыру