
Бүгін Атырау қаласындағы «Ретро» саябағында «Әрқашан күн сөнбесін!» атты инклюзивті арт-плэнер өтті. Бұл жай ғана сурет байқауы емес, бейбітшілік пен мейірімділікті насихаттайтын ерекше шара болды.
Іс-шараны «Жүректен жүрекке» қоғамдық қоры жергілікті компаниялардың қолдауымен жүзеге асырып отырған «Теңіз жүрегі» жобасының еріктілері ұйымдастырды.
Бейбіт өмірдің қадірін ұғындыруды көздеген шығармашылық шараға 30-ға жуық бала қатысты. Олардың қатарында қалыпты дамып жатқан балалармен бірге аутизм спектрі бұзылысы, Даун синдромы және церебральды сал ауруы бар балалар да болды.
Сурет салу барысында балалар өздерінің арман-қиялын қағаз бетіне түсіріп, бейбіт өмірдің өз түсін – күннің шуағын, достықтың бояуын бейнеледі. Олардың әр суреті – жүрек тыныштығын, мейірімділікті, жарқын болашақты аңсаудың көрінісі.
Айта кетейік, «Теңіз жүрегі» жобасы екі жылдан бері инклюзивті қоғам қалыптастыру жолында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Қайырымдылық акциялары, экологиялық және білім беру жобалары арқылы әлеуметтік осал топтарға нақты көмек көрсетілуде. Қазіргі таңда Атырау мен Құлсары қалаларында тегін тіл үйрену клубтары мен әлеуметтік дүкен де жұмыс істейді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-sayasat/press/news/details/988858?lang=kk

Жауап қалдыру