
Бүгін аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың төрағалығымен аудан әкімдігінің кеңейтілген мәжілісі өтті. Жиында 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және аудан бюджетінің атқарылу мәселелері қаралды.
Алдымен экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Абылай Ахметжанов баяндама жасап, аталған мерзімде Меркі ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы оң динамика көрсеткенін атап өтті. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4 298,8 млн. теңгені құрап, нақты көлем индексі 120,8%-ға жеткен. Ауыл шаруашылығы өнімдері 3 243,2 млн. теңгеге өндірілген. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 4 938,6 млн. теңгеге өсіп, аудан бюджетінің кіріс бөлігі 145,1%-ға орындалған.
Қаржы бөлімінің басшысы Азамат Қасабеков 2025 жылдың І тоқсанында аудан бюджетінің меншікті кірістері 178,7%-ға орындалып, жоспардағы 866,4 млн. теңгенің орнына 1 548,0 млн. теңге түскенін баяндады. Бұл – 681,6 млн. теңгеге жоспардан артық.
Жиын соңында аудан әкімі Ербол Жиенқұлов жауапты бөлім басшыларына аудан экономикасындағы оң серпінді одан әрі сақтау, салық базасын кеңейту және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуын жеделдету бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, бюджет қаражатының уақытылы әрі тиімді игерілуін тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-merke/press/news/details/989878?lang=kk
Жауап қалдыру