«Ер есімі – ел есінде»: Ақсайда патриоттық рухтағы сурет байқауы өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Батыс Қазақстан облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты Ақсай арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күні мерекелеріне орай «Ер есімі – ел есінде» атты сурет байқауы ұйымдастырылды.

Шараның басты мақсаты – Отан үшін жанын қиған ерлерді ұлықтау, жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты ояту, тарихи жадыны қалыптастыру және орталық қызмет алушыларының шығармашылық қабілеттерін дамыту. Іс-шара аясында орталықта қызмет алушы азаматтар мен қызметкерлер өз өнерлерін паш етіп, тақырыпқа сай суреттер салды. Әрбір туындыда Отанға деген сүйіспеншілік, батырлар ерлігіне деген құрмет пен тағзым айқын сезілді.

Байқау барысында қатысушылар өздерінің жұмыстарын таныстырып, салынған суреттер арқылы соғыс жылдарындағы ерлікті бейнеледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар азаматтық жауапкершілікті арттырып, рухани құндылықтарды насихаттауға ықпал етеді.

Сайыс қорытындысы бойынша белсенді қатысушыларға алғыс хаттар мен марапаттар табысталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімдері орталықтың құрмет тақтасына енгізілді.

Мемлекеттік мерекелер қарсаңында өткен бұл шара – батыр бабаларға деген құрметтің жарқын көрінісі. «Ер есімі – ел есінде» атты байқау Отанға деген сүйіспеншілікті арттырып қана қоймай, орталық тұрғындарына рухани серпіліс сыйлады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-uvp/press/news/details/990452?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді