
Ақмола облысында сүт бағытындағы мал шаруашылығы екпінді түрде дамып жатыр. Соңғы бір жарым жылда өңірде бес бірдей заманауи сүт-тауар фермасы салынып, іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы бес ферма пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл серпінді қадам өңірдегі сүт өндірісін екі есеге жуық арттыруға және қайта өңдеу саласының әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.
Өткен жылдан бастап облыста ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Жеңілдетілген несиелендіру аясында жеті жаңа сүт-тауар фермасын салуға 15 миллиард теңге бағытталды. Бүгінде 5 ірі ферма іске қосылды. Олардағы ірі қара мал басы – 5,4 мың. Мәселен, Целиноград ауданында 1100 және 2000 басқа арналған «АФ Родина» мен «Ен Дала» ЖШС кешендері жұмыс істеп тұр. Аршалы ауданында – «TemirAgro» ЖШС, Ақкөл ауданында – «Еңбек» ЖШС, ал Жарқайың ауданында – «Темірлан» ЖШС іске қосылды.
«Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда. Облыстың бірнеше ауданында 4400 басқа арналған тағы бес сүт фермасын іске қосу жоспарланып отыр. Олардың қатарында Атбасар ауданындағы «Бастау» ЖШС, Зеренді ауданындағы «Agro Milk Project» пен «Жақсылық Агро», Бурабайдағы «Burabay Milk» және Шортандыдағы «НұрАстық KZ» жобалары бар», – деп хабарлады облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы.
Аталған жобалардың барлығы толық қуатында жұмыс істеген кезде өңірдегі тауарлы сүт өндірісі жылына 70 мың тоннадан астамға артады. Бұл – алдыңғы жылдармен салыстырғанда шамамен екі есеге көп.
Сүт өндірісімен қатар облыстағы қайта өңдеу саласы да даму үстінде. Қазіргі таңда Ақмола облысында 67 қайта өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың қатарында ет комбинаттары, сүт зауыттары, ұн тарту кәсіпорындары мен майлы дақылдарды өңдеуші зауыттар бар.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша ет өңдеу көлемі 78,4 пайызға жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскені байқалды. Ал сүт өңдеу үлесі 86,7 пайызға жеткен. Бұл – Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін 70 пайызға жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-uvp/press/news/details/991247?lang=kk
Жауап қалдыру