Маңғыстауда жаңғыртылған «Caspi Bitum» зауыты ресми түрде іске қосылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін «CASPI BITUM» БК» ЖШС-нің ауқымды жаңғырту жобасы аяқталып, Ақтау битум зауыты салтанатты түрде іске қосылды. Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «Самұрық-Қазына» АҚ стратегия және активтерді басқару бойынша тең басқарушы директоры Бақытжан Таубаев, ҚР Энергетика министрлігінің мұнай тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры Дәулет Арықбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мұнай өңдеу және мұнай химиясы департаментінің директоры Саятай Әліпбаев, сондай-ақ CITIC Group және CITIC Construction өкілдері қатысты.

Ақтау битум зауытын жаңғырту жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асырылды. Жұмыстарды бас мердігер — CITIC Construction атқарды. 2024 жылдың қараша айында басталған құрылыс-монтаждау жұмыстары тәулік бойы тиімді ұйымдастырылып, оған 220-дан астам маман тартылып, белгіленген мерзімнен бір ай бұрын аяқталды.

Жаңғырту нәтижесінде мұнай өңдеу зауытының жылдық қуаты 1 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін, ал битум өндірісі — 500 мың тоннадан 750 мың тоннаға дейін ұлғайды.

Жоба басты технологиялық жабдық — ЭЛОУ-АВТ мұнайды бастапқы өңдеу қондырғысын жаңартуға бағытталған. Жобаның негізгі және техникалық жағынан ең күрделі жұмыстарының бірі — биіктігі 40 метрге жуық 140 тонналық жаңа вакуумдық бағананы орнату болды.

Caspi Bitum зауытын табысты жаңғырту — ҚазМұнайГаз бен CITIC Group арасындағы тиімді стратегиялық серіктестіктің нәтижесі. Жобаның Қазақстан үшін стратегиялық маңызы зор. Жаңартылған зауыт ішкі нарықтағы сұранысты өтеп және импортқа тәуелділікті азайта отырып, сапасы жоғары отандық битуммен тұрақты қамтамасыз ете алады. Бұл еліміз бойынша инфрақұрылым жобалар санының өсіп жатқанын ескерсек, ерекше маңызға ие.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/989843?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді