
6 мамыр күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен өңірдің әлеуметтік-мәдени және қоғамдық дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азамат «Құрмет» ордені және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Мемлекеттік наградаларды Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай табыстады.
Жоғары қошеметке ие болғандардың қатарында белгілі меценат «Ақтау BS Строй» ЖШС-нің бас директоры Сұңғат Мұңалбаев, Ақтаудағы көтерме сауда-тарату орталығының құрылтайшысы Гүлжихан Жақаева, «МӨЭК» АҚ-ның бас инженері Кәдірхан Ермекбай және ғылым мен білім саласында табанды еңбек етіп, шәкірттерін халықаралық деңгейге жеткізіп жүрген «Yessenov» университетінің аға оқытушысы Гүлназ Жылқышбаева бар.
Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай марапат иелерін құттықтап, олардың қоғам игілігі жолындағы еңбегін ерекше атап өтті.
– Өңір дамуына қосқан үлестеріңіз, халықтың игілігі жолындағы табанды қызметтеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да ел үшін жасап жатқан істеріңіз толайым табысқа жетсін, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/990765?lang=kk
Жауап қалдыру