
Маңғыстаулық оқушылар тұңғыш ұстаз, майдангер Рамазан Қабыловты еске алды
Ақтау қаласында оқушылар өңірден шыққан алғашқы ұстаз әрі Ұлы Отан соғысының ардагері, еліміздің Оқу-ағарту ісінің үздігі, қаладағы білім саласының негізін қалаушылардың бірі – Рамазан Қабыловты еске алды.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған “Майданда – жауынгер, өмірде – ұстаз” атты еске алу шарасына Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, Маңғыстау облысының білім басқармасының басшысы Амантай Кумбаев және ұрпақтары мен шәкірттері, қоғам белсенділері қатысты.
Рамазан Қабылов – ұстаз ғана емес, елге қызмет еткен азамат. Ол – Ақтаудың (бұрынғы Гурьев-20) алғашқы мектебінің іргесін қалаған жан. 1957 жылы қыркүйекте алғашқы оқу жылы брезенттен тігілген палаткада басталып, бар болғаны 36 оқушымен жұмысын бастаған. Сол қиын-қыстау кезеңде Қабылов тек мұғалім емес, сонымен қатар шаруашылық басшысы, құрылысшы, ағаш ұстасы және ұйымдастырушы да бола білді.
Кеш барысында Рамазан Қабыловтың шәкірттері – инженер-құрылысшы Ғалым Мусаев пен инженер-гидрогеолог, Ақтау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманжол Қартбаев ұстазы туралы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, Қабыловтар әулетінің өкілдері де сөз сөйлеп, әкенің аманатын абыроймен жалғастырып жүргендерін жеткізді.
Құрметті ұстаздың жарқын бейнесі – ұрпағына қалдырған асыл мұрасы. Шара соңында қатысушылар ардагер ұстазға тағзым етіп, оның ел үшін сіңірген еңбегіне алғыс білдірді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/990559?lang=kk

Жауап қалдыру