
7 мамыр күні Өскемен қаласында ҚР тұңғыш қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтің ескерткішіне облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен салтанатты гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Бұл күні жыл сайын әскери қызметшілерді құттықтап, еске алу іс-шаралары ұйымдастырылды.
Салтанатты шараға ұйым басшылары, әскери бөлімдердің командирлері, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері, құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары, Қорғаныс департаменті, әскери бөлім сарбаздары, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтарының тәрбиеленушілері, жоғары оқу орындарының ректорлары мен әскери кафедра студенттері қатысты.
Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтің ескерткіші 2022 жылы Өскемен қаласының сол жағалауындағы оның есімі берілген саябаққа орнатылған.
Ұлы Отан соғысының ардагері С. Нұрмағамбетов – еліміздің қорғаныс қабілетінің негізін қалаған, қазіргі Қарулы Күштер құрылымын қалыптастырған тұлға. Ол – Қазақстан тарихында «Халық Қаһарманы» атағын алғаш иеленген азамат. Сондай-ақ, тәуелсіз Қазақстан Қарулы Күштері тарихындағы ең жоғары әскери шен – армия генералы атағына алғаш ие болған тұлға. Оның «Болашаққа күл емес, от апару керек!» деген сөзі Отан қорғаушыларды ерлікке тәрбиелеудің ұранына айналды.
– Бүгін бүкіл Қазақстан Отан қорғаушылар күнін атап өтуде! Бұл мереке – батырлықтың, ерліктің және Отанға деген адалдықтың символы. Осы күні біз Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, ел тәуелсіздігі мен бейбітшілігін қорғап жүрген барлық азаматтарды құрметпен еске аламыз. Ерекше алғысымыз – ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлеріне. Олардың өмір жолы, төзімділігі мен тағылымы – жас ұрпаққа ерлік пен отансүйгіштіктің үлгісі екені сөзсіз. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында біз халқымыздың жеңілмес рухының символына айналған қаһармандарды еске аламыз. Бүгін біз қазақ халқының біртуар ұлы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтің ескерткішінің алдында жиналуымыз – үлкен символдық мәнге ие. Оның есімі тарихқа Отанға адал қызмет етудің үлгісі ретінде мәңгі жазылды. Бүгінгі Отан қорғаушылардың қызметі – Сағадат Нұрмағамбетов өз өмірін арнаған қасиетті істің жалғасы, – деді облыс әкімі.
Мереке аясында Нұрымбет Сақтағанов ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты 27943 әскери бөлімінің (Ахмер гарнизоны) әскери қызметшілеріне, Ұлттық ұлан сарбаздарына, ҚР ҰҚК ШҚО департаменті, облыс прокуратурасы, ШҚО авиациялық бөлімшесі және ШҚО ТЖД қызметкерлеріне облыс әкімінің алғыс хаттарын табыстады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/991169?lang=kk
Жауап қалдыру