РАЙЫМБЕК СЕЙТМЕТОВ ТЕАТРЫ ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ПРЕМЬЕРА САХНАЛАЙДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Ұлы жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрында Бақытгүл Бабаштың инсценировкалауындағы Жұмекен Нәжімеденовтың «Хат тасушы»қойылымының тұсауы кесіледі.
Бүгін премьера алды көрсетілімі мен баспасөз жиыны өтті. Зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен өткен жиында сұрақтар қойылып, бағасы берілді. Қоюшы режиссері «Құрмет» ордені және Махамбет сыйлығының иегері Мұқанғали Томанов осымен қара шаңыраққа төртінші рет қойылым сахналап жатқанын тілге тиек етіп, шығармашылық ұжымға алғысын жеткізді.
Рөлдерде театрдың белді әртістері ойнайды. Театрдың «Тарлан» музыкалық-аспапты ансамблі музыкамен көркемдеп, қойылым мазмұнын аша түседі. Қоюшы суретшісі – Қанат Шериев, жарық суретшісі – Жанболат Рсимбетов, хореограф – Жангүл Ерсұлтанова.
Қойылым барысында соғыс кезінде майдан даласынан сағыныш хаттарды тасушы Темірхаттың тағдыры көрсетіледі. Алғашында жеңіл болып көрінген жұмыс Темірхаттың иығына ауыртпалық арттырады, себебі майданнан алаңдатып жеткен сәлемдемені қасірет пен қайғының «қара қағазы» алмастырады. Әсіресе, ауыл балалары оны «қара хабаршы» деп қарғап, қасіретін арттыра түседі.
Қойылымның шыңы – Темірхаттың өз ағасы Әбілхаттың «ерлікпен қаза болған» хабарын оқып, әке-шешесіне жеткізе алмай, бәріне өзін кінәлі сезінгендей, өзенге батып кетуімен аяқталады. Бұл трагедиялық оқиға Жұмекеннің сөздері мен оның бала жүрегінің қиналысы арқылы көрініс тауып, көрермендерге терең ой салады.
Айта кетейік, 7-8 мамыр күндері сағат 19:00-де театрда премьера өтеді. Билеттер тикетон сайтында және театр кассасында.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/991043?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді