
Бүгін Желаев селолық округіндегі “Жеңіс” тынымбағында 9 мамыр — Ұлы Жеңіс күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл күн – тарих беттерінде алтын әріппен жазылған, миллиондаған жанның ерлігі мен көз жасына толы Ұлы Жеңісті еске алатын қасиетті мереке.
Іс-шара соғыс және тыл ардагерлеріне тағзым ету мақсатында ұйымдастырылды. Аталмыш күнді ерекше ықыласпен атап өту — елін, жерін қорғаған батырларға деген құрметтің айғағы. Салтанатты жиынға округ тұрғындары, тыл еңбеккерлері, округ аумағындағы мекеме қызметкерлері мен оқушылар қатысты.
Мерекелік шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, бір минут үнсіздікпен соғыста қаза тапқандар рухына құрмет көрсетілді. Шарада округ әкімі, ардагерлер кеңесінің өкілдері сөз сөйлеп, ел үшін от кешкен ерлердің ерлігі мен тылда жанқиярлықпен еңбек еткен жандардың еңбегін атап өтті.
Іс-шара барысында соғыс туралы әндер шырқалып, оқушылар мен мәдениет үйі қызметкерлері патриоттық тақырыптағы өлеңдер оқыды. Жиналған жұртшылық ардагерлерге гүл шоқтарын табыстап, оларға ерекше ықылас білдірді.
Мереке соңы солдат ботқасын тарату рәсімімен аяқталды. Бұл – майдан даласындағы қарапайым, бірақ мағынасы терең дәстүрдің бірі. Ыстық ботқадан дәм татқан әрбір қатысушы Жеңіс күнінің рухын жүрекпен сезінді.
Осындай тағылымды шаралар жас ұрпаққа өткенді ұмытпау, елін сүю, бейбіт өмірдің құнын түсіну сынды құндылықтарды сіңіруге сеп болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-uvp/press/news/details/991496?lang=kk
Жауап қалдыру