
Ақтау қалалық қоғамдық кеңес мүшелері соғыстың сұрапыл жылдарында еңбекпен ел қорғаны болған ақтаулық тыл ардагерлер Мұшахан Алапанов пен Жазымбай Шапағатовқа құрмет көрсетті.
Тыл ардагері Мұшахан Алапанов – соғыс жылдары Гурьев облысы, Форт-Шевченко ауданына қарасты колхозда балықшылықпен айналысқан. Кейін Ақтау қаласындағы “Мұнайтелекомда” бөлімше басшысы қызметін атқарып, сол ұжымнан зейнетке шыққан. “Еңбек ардагері” және Қазақстан мұнайына -120, 125 жыл орденімен, мерекелік медалдармен марапатталған.
Тыл ардагері – Жазымбай Шапағатов 1941-1945 жылы Форт-Шевченкодағы колхозда шөп жинау, мал қайыру, төрт-түлікті жемдеу сынды жұмыстарды атқарған. 1996 жылы Ақтаудағы тоғызыншы автобазадан зейнеткерлікке шыққан. Еңбек ардагері көптеген мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Сьезбек Карипов ауыр жылдардың тірі куәгерлері, тыл ардагерлерін ҚР Президентінің жарлығы бойынша «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалімен марапаттап, жылы лебізін арнады.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/991569?lang=kk
Жауап қалдыру