
Аналар мейрамы аясында болашағынан зор үміт күттіретін спортшының артында қашанда асыл жан – анасы тұрды. Қиындық пен қуаныш қатар жүретін спорт жолында баласына тірек бола білген, оның әр жеңісін жүрегімен бірге өткерген ардақты ана – Ардақ Ысқақова. Ол – 22 жасқа дейінгі боксшылар арасында Азия чемпионы атанған Темірлан Мұқатаевтың анасы, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ардақ Ысқақова өз сөзінде отбасымен бірге Астанаға көшіп келуі ұлы – Темірланның және өзге балаларының бағын ашқанын ерекше айтып өтті.
«Елордада тұрып жатқанымызға 20 жылдан асты. Астанада өсіп-өніп бес баланы аяқтан тұрғыздық. Темірланның Бексұлтан деген бауыры «Ағамның жолын қуамын» деп бокста жүр. Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасына мыңда бір рахмет. Темірлан секілді балалар спорттағы қамқорлықтың арқасында ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге жетті. Бір сөзбен айтқанда Астана Темірланның бағын ашты», – деп ұлының жетістігі жайлы сыр шертті.
Сөзін жалғай отырып, Аналар күні мерекесімен көршілікті құттықтап өтті.
«Барша аналарды осы керемет көктем мерекесі – Аналар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ана – әрбір отбасының, әрбір елдің жүрегі. Бала үшін отқа да, суға да түсетін аналардың жүрегі мейірім мен үмітке толы. Біз – аналар, баламыздың әрбір табысына қуанып, әрбір қадамына демеу болуға тырысамыз. Балаларымыз аман болып, армандарына жетсін. Әрбір ана баласының жетістігіне мақтана алатын бақытты ғұмыр кешсін!» – деді Ардақ Ысқақова.
Айта кетейік, Қазақстанда Аналар күні мерекесі дәстүрлі түрде мамыр айының екінші жексенбісінде тойланады. Биыл мереке 11 мамырға сәйкес келді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/992911?lang=kk
Жауап қалдыру