Бейбітшілік үшін алғыс айтамыз! Әскерилер майдангердің үйінің қасбетін жөндеді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Тараз қаласында Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты Жамбыл аудандық пайдалану бөліміне қарасты әскери қызметшілер бастама көтеріп, Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Федорович Макеев тұратын көпқабатты үйдің кіреберіс қасбетін ретке келтірді.

Әскери қызметшілердің бұл әрекетке баруына ардагер тұратын бесқабатты үйдің сыртының тартымсыз күйде болуы себеп болды. Жыл сайын Ұлы Отан соғысының ардагеріне келіп тұратын әскерилер үйдің ескерусіз қалғанына назар аударған: сылағы түскен қабырғалар, сынған баспалдақтар, ағып тұрған шатыр.

Алайда Тараз қаласындағы тұрғын үйлер әскери пайдалану бөлімінің қарауына кірмейтіндіктен, бұл мәселе ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келген. Биыл әскери қызметшілер жоспарлы жөндеуді күтпей, бұл істі өз қолына алуды ұйғарды.

— Ардагерге қамқорлық таныту — біздің парызымыз, — деді Жамбыл аудандық пайдалану бөлімінің бастығы капитан Сержан Жекіпсеитов. — Кіреберістің сыртқы келбетін ретке келтіру — біз оның алдындағы ең аз дегендегі борышымыз.

Жөндеу жұмыстары басталар алдында Жамбыл аудандық пайдалану бөлімінің бастығының орынбасары лейтенант Бекежан Жәкіпов пен құрылыс-жөндеу тобының прорабы Байзақ Әзілбек алда атқарылатын жұмыстардың көлемін бағалап, сылақ, бояу және шатыр жабынына қажетті материалдардың мөлшерін есептеп шықты.

Жамбыл аудандық пайдалану бөлімінің құрылыс-жөндеу тобының күшімен Иван Федорович бірнеше рет сүрініп жүрген баспалдақтар қалпына келтірілді, ылғалдан бүлінген қабырғалар қайта сыланып, кіреберіс үстіндегі шатыр жөнделді.

Жұмыстың соңғы кезеңінде Тараз гарнизонының байланыс полкінен әскери қызметшілер қосылып, құрылысшыларға көмектесті: қоқыс жинады, бордюрлерді әктеді. Қысқа мерзім ішінде кіреберіс адам танымастай өзгерді: енді қабырғалар тегіс әрі ақ, баспалдақтар мықты, ал кіреберістің үстіндегі шатыр сенімді.

98 жастағы ардагер Иван Федорович Макеев, үнемі сыртқа шығып жүретін белсенді зейнеткер, жөндеу жұмыстарына дән риза болып, әскери құрылысшыларға алғысын білдірді.

— Енді үйіме қарап, көңілім жай табады, — дейді ардагер қуанышымен бөлісіп. — Бұрын қонақтар келгенде қысылып қалатынмын, қабырғалар сыпырылып, баспалдақтар сынған… Әскерилерге көрсеткен құрметтері үшін алғыс айтамын!

Ардагердің қызы Ольга да ризашылығын білдірді.

— Әкем қатты қуанды. Тек ол емес, бүкіл подъездің тұрғындары да әскери қызметшілерге шексіз алғысын білдіруде, — деді ол.

Әскери қызметшілердің бұл әрекеті — бейбітшілікті қорғап қалған ұрпаққа деген құрметтің айғағы. Жеңіс күні қарсаңында мұндай оқиғалар ерекше маңызға ие. Олар ардагерлерге қамқор болу — тек мемлекеттің ғана емес, көмектесе алатын әрбір азаматтың міндеті екенін еске салады.

Дина Мұхаринова,
ҚР Қорғаныс министрлігі медиаконтент орталығының
Тараз гарнизоны бойынша баспасөз қызметінің жетекшісі
Сурет авторы: Владимир Мартыненко

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-sayasat/press/news/details/992825?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді