
Бүгін округімізде адамзат тарихындағы ең ұлы жеңістердің бірі — Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы ерекше құрметпен аталып өтті.
1941 жылы басталып, төрт жылға созылған алапат соғыста Кеңес Одағы құрамындағы халықтармен бірге қазақстандық жауынгерлер, соның ішінде округіміздің ұл-қыздары да майдан шебінде жауға қарсы жан аямай шайқасты. Қан майданда көрсеткен ерлік пен батырлық, тылдағы табандылық пен төзім — бүгінгі бейбіт өмірдің негізі болып қаланды.
Осыған орай, Екпінді ауылы М. Әубәкіров атындағы орта мектебінің алаңда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған тағылымды еске алу шарасы өтті. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Жиналған көпшілік майдан даласында қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, олардың рухына тағзым етті. Бұл – Отан үшін от кешкендердің есімін ұлықтап, жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетудің бір көрінісі.
Шарада округ әкімі Б. Сулейменов округ тұрғындарын Жеңіс күнімен құттықтай отырып, ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне, елдің ертеңі үшін аянбай тер төккен жандарға өз алғысын білдірді. Ардагерлердің жанқияр ерлігіне бас ию – біздің перзенттік парызымыз әрі азаматтық борышымыз екені жиын барысында ерекше аталып өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-alakol-ekpindi/press/news/details/992576?lang=kk
Жауап қалдыру