ҒАСЫРДЫ ҚАМТЫҒАН ЕРЛІКТІҢ ТАРИХЫ: ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫНЫҢ АРДАГЕРІ ТӘҢІРБЕРГЕН ТОЛҒАНБАЕВ 102 ЖАСҚА ТОЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін, 2025 жылғы 1 мамырда, милиция полковнигі, Ұлы Отан соғысының ардагері, ішкі істер органдарының еңбек сіңірген қызметкері Тәңірберген Толғанбаевтың туғанына 102 жыл толып отыр. Оның өмір жолы – Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі.

Тәңірберген ата 1923 жылы Талдықорған облысы, Ақсу ауылында дүниеге келген. Соғыс жылдары шекара әскерлерінде қызмет етіп, ерлік пен табандылық танытты. Жеңістен кейін қоғамдық тәртіпті сақтау ісіне өз өмірін арнады. Ол ішкі істер органдарында жиырма жылдан астам уақыт қызмет етіп, Алматы облысы Жамбыл ауданының ішкі істер бөлімін басқарған.

Зейнетке шыққаннан кейін де еңбек жолын жалғастырып, Іле аудандық прокуратурасында қызмет атқарды. Ол жерде де әріптестері мен халықтың құрметіне ие болды.

– Бүгінде оның есімі туған-туыстарының ғана емес, құқықтық тәртіп пен бейбіт өмірді бағалайтын барша ел азаматтарының жадында құрметпен аталады. Тәңірберген Толғанбаев алты баланың әкесі, он екі немеренің атасы, он алты шөберенің ардақты қариясы және бір шөпшектің арғы атасы. Оның ұрпақтары майдангер аталарының ерлігі мен халыққа жасаған қызметін мақтан тұтып, қастерлеп келеді – деп Алматы облысы ПД бастығының орынбасары Арман Тіленчин атап өтті.

Тәңірберген Толғанбаевтың бейнесі жазушы Кемел Тоқаевқа шабыт беріп, оның шығармашылығында ар-намыстың, адалдық пен ерліктің символына айналды.

Оның туған күнінде және Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында ардагерді Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі мен Алматы облыстық полиция департаментінің бастығының атынан арнайы құттықтау грамотасы табысталып, еліміздің құқық қорғау жүйесінің дамуына қосқан үлесін және жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудегі рөлі ерекше атап өтілді. ‎

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-alm/press/news/details/993232?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді