
Көліктегі полиция департаментінде Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Дәстүрге сай мерекелік іс-шара «Мәңгілік ұмытылмас есімдер» мемориалына гүл шоқтарын қоюмен басталды. Департамент басшылығы мен жеке құрамы, сондай-ақ ішкі істер органдарының ардагерлері мен шақырылған қонақтар ерлікпен қаза тапқан қаһармандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Көліктегі ПД-ның бастығы Айдос Рысбаев қатысушыларды құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бейбіт өмір мен амандық тіледі. «Бұл – сұрапыл соғыста Отан үшін отқа түсіп, қаһармандықтың теңдесі жоқ үлгісін көрсеткен ата-апаларымыздың жанкешті ерлігімен келген Ұлы Жеңіс. Біз Отан үшін майдан даласында көз жұмған боздақтарымыздың рухына бас иіп, ұрпағына бүгінгідей бейбіт өмір сыйлаған батыр бабаларымыздың есімдерін қастерлейміз», – деді ол. Сонымен қатар, полиция генерал-майоры Отан қорғаушылар күні мерекесінің маңыздылығына тоқталды. «Бұл бүгінгідей бейбіт күнде тәуелсіз мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен азаматтарымыздың тыныштығын қорғап, антына адалдық танытып жүрген азаматтарды құрмет тұтар Ұлық мереке. Әрбір Отан қорғаушы – еліміздің мақтанышы. Сіздердің кәсібилігіңіз, жауынгерлік дайындығыңыз бен табандылықтарыңыз өскелең ұрпаққа үлгі»- деді.
Іс-шараның маңызды сәттерінің бірі деп ішкі істер органдарында қызметін жаңадан бастаған жас қызметкерлердің салтанатты түрде Ант қабылдауын айтуға болды.
Айта кету керек, Ұлық мерекелерге орай 70-тен астам тыл ардагерлері мен ішкі істер органдарының ардагерлері марапатталды. Сондай-ақ қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін 117 көлік сақшысы ҚР ІІМ мен Департаменттің медальдары және грамоталарымен марапатталды.
Салтанатты бөлім жеке құрамның саптық шеруімен аяқталды. Бұл – ұрпақтар сабақтастығын, тәртіп пен бірлікті білдіретін нышан.
Анықтама үшін: Көліктегі ПД-де Ұлы Жеңістің 80 жылдығын 1 соғыс ардагері, 9 тыл еңбеккері және 7 соғыс ардагерінің жесірлері қарсы алды. Олардың барлығына материалдық көмек көрсетіліп, естелік сыйлықтар табысталды. Жеке қатыса алмаған ардагерлерге құттықтаулар мен сыйлықтар үйлеріне жеткізілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-transport/press/news/details/992113?lang=kk
Жауап қалдыру