Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінің алғашқы күні: Қазақстан құрамасы төрт медаль жеңіп алды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасы Qazaqstan Barysy Grand Slam 2025 турнирін төрт жүлдемен бастады.

Дзюдошыларымыз елорда татамиінде 2 күміс пен 2 қола медаль жеңіп алып, алғашқы жарыс күнінің қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте 5-орынға жайғасты.

Жүлдегерлер қатарында тәжірибелі спортшылармен қатар жас дзюдошылар да бар. Атап айтқанда, Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) пен Талғат Орынбасар (60 кг) күміс медаль иеленсе, Мағжан Шамшадин мен Аман Бақытжан 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлде жеңіп алды.

Айта кетерлігі, бұл турнир Талғат пен Аман үшін ересектер сапында алғашқы әлемдік жарысы және алғашқы жүлдесі. Ал Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев араға 10 ай салып татамиге оралды.

«Бұл менің Париж Олимпиадасынан кейінгі 10 айға жуық үзілістен соң татамиге алғаш шығуым. Қазір бабымның шамамен 80 пайызына келдім деп ойлаймын. Мен жеңіске толық дайын болдым, мақсатым тек алтын еді. Бүгін осы залда Қазақстанның Әнұраны шырқалса екен деп қатты тіледім… Өкінішке қарай, бүгін жолым болмады. Бірақ маған сеніп, қолдау білдірген барлық жанкүйерге алғыс айтамын. Мен үшін қолдауларыңыз өте маңызды», — деді Ғұсман Қырғызбаев.

Алғашқы күннің нәтижесі бойынша Халықаралық дзюдо федерациясының құрамасы (2 алтын, 1 күміс) көш бастаса, Франция (1 алтын) құрамасы екінші орынға, Германия (1 алтын) спортшылары үздік үштікті түйіндеді.

Әлемдік Qazaqstan Barysy Grand Slam 2025 турнирі 11 мамырға дейін жалғасады.

Жарыс Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтіп жатыр. Биылғы бәсекеге 44 елден 358 спортшы қатысуда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/992772?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді